БЖЗҚ-дан 500 млрд алған Ұлттық банк өз тұжырымдамасын өзі бұзып отыр
Қаржыгер БЖЗҚ инвестициясының кемшілігін тізіп берді
Қаңтардың 25 күні Ұлттық банк биылдыққа БЖЗҚ зейнетақы активтерін 500 млрд теңгесін «Бәйтерек» ҰБХ» облигацияларына нарық талаптарымен инвестициялауды жоспарланып отырғанын хабарлады. «Бәйтерек» холдингі ол қаражатты машина жасау, металлургия, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, инфрақұрылым және басқа да салалардағы ірі жобаларды несиелеуге жұмсамақшы. Қандай пайыздармен қайтарылатыны айтылмайды. Бірақ ресми хабарлама нарық сарапшыларының сынына ілігіп жатыр. Біз бұл турасында қаржыгер қаржыгер Эльдар Шамсутдиновтің пікірін біліп көрдік.
Оның айтуынша, бір жағынан қауіптері де бар. Себебі, ақша ел ішінде инвестицияланып отыр. Соған сай ел ішіндегі кедергілерге де тап болуы да мүмкін. Ал зейнетақы қаражаты ұзақмерзімді ақша.
Екінші жағынан, ол қаражат «Бәйтерек» холдингіне не үшін керек екені түсініксіз. Өйткені холдингтің өзі ұстап отырған «Қазақстан Даму Банкі» (ҚДБ) мен «Береке» банкі бар. ҚДБ-нің өтімділігі де әлдеқайда жоғары. Алайда әзірше ҚДБ өз тарапынан қаражат бөлетіні байқалмайды.
Оның үстіне, осындай қаржы тартуға мүмкіндік беретін ешқандай мемлекеттік бағдарлама да жоқ. ҚДБ жайдан жай нарықтан қаражат ала алмайды. Демек, «бұл 500 млрд қайдан келді?» деген заңды сұрақ туындауға тиіс.
Қаржыгердің ойынша, мәселе ақшаның қандай жобаларға жұмсалатындығында емес, БЖЗҚ-ның өзінде, оның құрылымында. «Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» заңды қарасақ, онда біздің тек міндетті жарналарымыз ғана кепілде тұр. Ал өз еркімізбен аударған жарнамыз туралы ештеңе айтылмайды. Ол тек адам зейнетке шыққан кезде сол уақытқа дейін жиналған инфляция деңгейінде ғана кепілдендіріледі.
«Халықаралық валюта қоры 2014 жылы БЖЗҚ мандатына қатысты салымшылардың кірістерін барынша ұлғайту керек екені жөнінде жақсы ұсыныс білдірді. Бірақ не БЖЗҚ, не оның стратегиясы, не Ұлттық Банк зейнетақы қорының негізгі мақсаты біздің жарналарымыздың табысын арттыру екені жайлы жақ ашпайды. Олар тек қаражатымыздың сатып алу қабілетін ғана айтумен шектеледі. Мұндай жағдайда БЖЗҚ басшылығы да, Ұлттық банк те қор табысын арттырам деп шабылмайды, құр салынған ақшаның құнсызданып кетпеуін ғана қадағалаумен болады. Біздің зейнетақы жүйеміздің ең үлкен кемшіліктерінің бірі де осы», дейді сарапшы.
Эльдар Шамсутдиновтің айтуына салсақ, жалпы, ақшаны «Бәйтерекке» берудің өзі дұрыс емес. Өйткені, «Бәйтерек» өзі де нарықтан ақша тарта алады. Оған БЖЗҚ-ның ақшасы керек те емес еді. Одан да БЖЗҚ-ны басқарып отырғандарға мандатты қалай өзгерту керектігін және біздің жарналарымызды табысты етудің амалын қарастырғаны жөн. Өйткені зейнетақы қоры 2014 жылдан бері бүгінге дейін инфляция әсерін қоса есептегенде шамамен 1,5% ғана пайда тапқан. Біздің елдегідей тұрақты өсіп жатқан нарықта оны тіпті кіріс деп есептеуге болмайды.
Ақшаны әлбетте, тиісті пайызымен қайтарып берер. Мәселе, бұл жерде бас банктің жұмыс істеу тұжырымдамасы бұзылып отыр. Қарап тұрсақ, мұнда Ұлттық банк Үкіметті қаржыландырғысы келеді. Өйткені, БЖЗҚ ақшасы Ұлттық банктің бақылауында, ал «Бәйтерек» Үкіметтің бақылауында. Осы жерде Ұлттық банктің ешкімге тәуелсіз қызмет етуі, яғни, ешқашан Үкіметке несие бермеу керек деген ұстанымы бұзылып отыр, дейді қаржыгер.
Оның ойымша, бұл жерде БЖЗҚ табысты қалайда арттырудың соңына түсіп кетіп отыр.