Ұлытау әкімдігі жарамсыз деп танылған логотип эскизіне 1 млн теңге жұмсаған

Ая Өміртай

Жеңімпаз атанған эскиз авторы мән-жайдан хабарсыз болып шықты

Коллаж: Halyq Uni

Халық наразылығынан соң жарамсыз деп танылған Ұлытау облысы елтаңбасының эскизін әзірлеуге бюджеттен 1 млн теңге қаржы жұмсалған, деп хабарлайды Halyq Uni. Cонымен қатар эскиз авторы ретінде көрсетілген Шахибаден Сейіткенов жоба барысынан хабары жоқ екенін айтып отыр.

2022 жылы 24 қыркүйекте Ұлытау облысы әкімдігі өңір елтаңбасының ең үздік жобасына байқау жариялаған. Ресми сайтта жарияланған ақпаратқа сүйенсек, байқауға 130-дай жұмыс келіп түскен. Ұлытау облысының үздік эскиздік жобасын ұйымдастыруға қоғамдық даму басқармасы мемсатып алу порталы арқылы тапсырыс орындаушымен 970 мың теңге көлемінде келісімшарт бекіткен.

АВТОРДЫҢ ӨЗІ ХАБАРСЫЗ

Елтаңбаның эталонын арнайы комиссия бекітіп, автор ретінде Шахибаден Сейіткеновтың еңбегі жеңімпаз болып танылды. Комиссияның төрағасы қазақстандық суретші және сәулетші, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков болды.

Әкімнің баспасөз қызметінің берген мәліметіне сәйкес, авторға 500 мың теңге көлемінде сыйақы берілген. Біз жоба авторы Шахибаден Сейіткеновтің өзіне хабарласып, мән-жайды нақтылауға тырыстық. Алайда автор ауруханада жатқанын айтып, сөйлесуден бас тартты.

Білмеймін ғой, мен Астанадамын. Не боп, не қойып жатқанын. Оны неге сұрап тұрсыңдар? Журналист болсаң қайтейін? Мен ештеңені білмеймін, – деді ол.

Ал Ұлытау облысы әкімдігі жеңімпазға 500 мың теңге жүлде берілгенін және таңдалған жобаның қайта қаралатынын жеткізді.

ДАУЫС БЕРУГЕ БОТТАР ҚАТЫСҚАН

Бұдан бұрын әкімдік сайтында, үздік жоба өңір тұрғындары Instagram парақшасында танымал «Это Жез» парақшасында дауыс беру арқылы таңдалды деп хабарланған болатын.

Алайда парақша әкімшілігі аталған жұмысқа дауыс беруге белгісіз боттар белсенді қатысқанын хабарлап, әкімдік ақпаратын теріске шығарды.

Асығыс қорытынды жасағымыз келмесе де, бірақ дауыс беруге боттар қатысқан деп ойлаймыз. Сонымен қатар, Арман Кенжебек таулардың силуэті тегін графикалық кескіндер банкінен алынғанын байқаған, – деп жазды «Это Жез» парақшасы.

Айта кетелік, облыс төлтаңбасы әлеуметтік желілерде қызу пікірталас туғызуына байланысты конкурс қорытындыларын және конкурстық комиссияның нәтижелерін жою туралы шешім қабылдады.

Ал бюджет қаржысын тиімсіз пайдаланған облыс әкімдігі жұмсалған шығын орнын қалай толтыратындығы белгісіз. Заңнамаға сәйкес, бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлағаны немесе тиімсіз пайдаланғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.