Бұл үрдіс тоқтамаса, Қазақстандағы кедейлік деңгейі әлі де өседі
Қазақстанда азық-түлікті бөліп төлеуге сатып алушылардың саны артқан. Экономистер несиеге тамақтану кедейлік сатысын одан әрі арттыратынын айтып, дабыл қағып отыр. Ал ел тұрғындары жалақынының 50 пайызын тек тағам тұтынуға жұмсайды. Бұл туралы Otyrar.kz хабарлады.
Бұған дейін тұрғындар несиеге тұрмыстық техника, үйге керек-жарақтарды сатып алушы еді. Ал қазір тіпті нанның өзін бөліп төлеуге алатын болған.
Бізде кейбір тұрғындардың ақшасы тіпті қарапайым азық-түлік сатып алуға да жетпейді. Бұған елімізде инфляцияның өсуі кері әсерін тигізіп жатыр. Тұрғындардың табысы көбейгенмен, инфияция оны басып кетіп жатыр. Сәйкесінше, бұл еліміздегі кедейлік деңгейін одан сайын өсіріп жатыр. Бөліп төлеуге азық-түлік алған адамдар негізінен кедейлер санатына кіреді. Себебі олардың тамақтануға да қаражаты жетпейді деген сөз, - дейді экономист Арман Байғанов.
Экономистердің айтуынша, бұлай несиеге азық-түлік алу тоқтамаса, Қазақстандағы кедейлік деңгейі әлі де өседі. Ал халықтан сұраныс болып тұрғанда қаржы институты азық-түлікті бөліп төлеу арқылы сату жүйесін алып тастамайды. Ол үшін заң жүзінде қандайда бір шара қолданылу керек.