Қазақстанда тауық еті қымбаттады
Ең қымбат тауық еті Ақтауда сатылады
Елімізде тауық етінің орташа бағасы бір жылда 1100 теңгеге немесе 17,2%-ға қымбаттаған. Тауықтың сан етінің орташа құны да былтырғы ақпаннан бері 958 теңгеге несесе шамамен 23%-ға өскен, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Ұлттық статистика бюросының мәліметтерін келтірген Energyprom.kz сайтының жазуынша, қазір Қазақстандағы ең қымбат тауық еті Ақтауда сатылады. Онда орташа бағамен келісі 1300 теңге тұрады. Ал сан еті елордада орташа алғанда 1100-ден сатылып жатыр.
Тауық еті ең қарқынды қымбаттаған жер Шымкент болып отыр. Онда бір жылда баға 35,2%-ға көтерілген. Түркістан мен Қызылорда облыстарында да тауық еті қымбатшылығы қатты байқалған. Ал сан етіне келгенде, Түркістан облысында бірден 55,8%-ға артқан. Ақтөбе (41,3%) мен Маңғыстау (37,6%) облыстарында қымбатшылық білініпті, – делінген ақпаратта.
Айта кетейік, биыл қаңтарда елімізде 8,3 мың тонна құс еті өндірілген. Бұл былтырғыдан 0,5% артық. Сонымен бірге 11,6 мың тонна мұздатылған құс еті өндірілген. Ол да былтырғыдан 9,7%-ға көп.
Бұған дейін Қазақстанда азық-түлік қоры қанша екені белгілі болды.