×

Алматы әкімдігіне қарасты мекеменің лауазымды тұлғалары тергеліп жатыр

«Медеу» табиғи паркінің басшылығы кәсіпкерден пара алды деген күдікке ілінді

 Айгерім Таубай 20.01.2023 | 11:20
Фото: Shymbulak Mountain Resort аккаунты

Алматыдағы «Медеу» табиғи паркі директорының міндетін атқарушы Алмас Аттапханов және мекеменің басқа да лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Halyq Uni ресми сауалында берген жауабында мәлімдеді.

Олар мемлекеттік сатып алу туралы келісімшатқа байланысты кәсіпкерден пара алды деген күдікке ілінген.

«Агенттіктің Алматы қаласы бойынша департаменті бұрын жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар шеңберінде орындалған жұмыстар актілеріне қол қою үшін кәсіпкерлік субъектісінен пара алу фактісі бойынша «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғат паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізіп жатыр», - делінген ресми жауапта.

Қылмыстық іс бойынша өзге ақпарат қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.

Бұған дейін жер мәселелері жөніндегі заңгер Бақытжан Базарбек 2022 жылдың қазанында «Медеу» табиғи паркінің рекреациялық аймағы тұрғын үй салуға заңсыз берілгеніне қатысты тексеру жүргізгенін айтты. Мәселе 22,4 гектар жерге қатысты болған.

«Алматы қаласы әкімдігі 2021 жылдың 25 маусымында заңсыз №2/338 қаулыны қабылдаған. Соған сәйкес, «Медеу» мемлекеттік табиғи паркінің ауылшаруашылығы кәсіпорындарының өндірістік аймағы (СХ-3) мен рекреациялық-ландшафт аймағы (Р-2) тығыздығы орташа тұрғын аудандарды қалыптастыру үшін берілген. Ал бұл Медеу ауданы Бутаковка шатқалында орналасқан Іле Алатауы бөктеріндегі аумақ», - деп жазды заңгер.

Айта кетейік, «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғат паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасына қарайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама