449 адамға 2 млрд теңге залал: Ақтөбеде қаржы пирамидасын құрған үшеу сотталды
Олардың бірі 9 жылға, екеуі 7 жылға бас бостандығынан айырылды
Ақтөбе қалалық сотында қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету бойынша (ҚК-нің 217-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы) бірқатар қылмыстық іс қаралды.
Сот анықтағандай, адамдар тобы 2019 жылдың соңы мен 2020 жылдың басында аса ірі көлемде ақшаны жымқыру мақсатында әрекет етіп, «HomeAvtoInvest» ЖШС-ға (қаржы пирамидасы) басшылық еткен.
Компанияның басты мақсаты - азаматтардан ақша, жылжымалы және жылжымайтын мүлікті алу. Оның бір бөлігі бонустар мен бастапқы төлемдерді төлеуге жұмсалса, қалған пайданы өздері иемденген.
Кәсіпорынның заңсыз әрекетінен барлығы 449 жәбірленушіге жалпы сомасы 2 миллиард теңгеден астам материалдық залал келтірілген.
Сот отырысында сотталушылар кінәсін толық мойындады.
Сотталушылардың кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлік айғақтармен, бірлескен қызмет туралы, жылжымайтын мүлік пен автокөлікті бөліп төлеу және жалға алумен сату-сатып алу келісімдері, сараптамалық қорытындылармен дәлелденді.
ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабының 3-тармағы 2-бөлігі бойынша санкция олардың мүлкін тәркілеп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Сот З. Есімді сотталушының жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жай болып табылатын қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы ерекше белсенді рөлін ескере отырып, 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айырып, коммерциялық және қаржылық ұйымдарда басшылық қызметін атқару құқығынан 7 жыл мерзімге айыру жазасын тағайындады.
Т. және К. Деген азаматтарға Қылмыстық кодекстің 55-бабының 3-бөлігінің талаптарын сәйкес, ең жоғары жазаның 2/3 бөлігін тағайындай алмайтындығын ескере отырып, сот олардың әрқайсына 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырып, коммерциялық және қаржылық ұйымдарда басшылық қызметін атқару құқығынан 7 жыл мерзімге айыру жазасын тағайындады.
Азаматтық талап арыздар қанағаттандырылды. Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.