Елімізде 500 мыңға жуық адам атаулы әлеуметтік көмек алды

Қымбат Елтайқызы

Биыл осы мақсаттарға 87,1 млрд теңге бөлінді

фото: Halyq Uni

2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша, 94,8 мың отбасындағы 487,3 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалды. Биыл осы мақсаттарға бюджеттен 87,1 млрд теңге бөлінді.

АӘК отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен азаматтарға тағайындалады, – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Бұдан басқа АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүріп жатыр.

«2022 жылғы 1 наурызда АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 114 мың балаға азық-түлік пен тұрмыстық химия жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама тағайындалды», – делінген ақпаратта.

Биылғы қаңтарда Төтенше жағдай режимінің қолданылуына байланысты 2021 жылғы 4 тоқсанда АӘК алған азаматтарға төлемдер 2022 жылғы I тоқсанға автоматты түрде ұзартылды. Бұл ретте жаңа алушылар үшін Электрондық үкімет порталы арқылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш беру мүмкіндігі іске асты.

«Қазір қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығында, сондай-ақ egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы бере алады», – дейді ведомство.