Бүгінге дейін қорға 131,5 млрд теңге аударылған
«Қазақстан халқына» қорының 2022 жылы депозитте сақтаған ақшадан 12 млрд теңге пайда көрді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
2022 жылы «Қазақстан халқына» қорына донорлардан 131,5 млрд теңге қаржы түсіп, оның 25,5 млрд теңгесіне қайырымдылық көмек көрсетілді. Жалпы 60 млрд теңгеге қайырымдылық бағдарламалар мен жобалар мақұлданды.
Біз жоғары пайыздың соңынан жүгірмейміз, себебі ақшаны қашан шешіп алатынымыз белгісіз. Кез келген уақытта шешіп алатын икемді депозит деуге болады. 2022 жылы жиналған 131,5 млрд теңгені депозитте сақтау нәтижесінде 12 млрд теңге пайда түсті, – деді қордың басқарушы директоры София Айсағалиева.
Қордың басқарма төрағасы Болат Жәмішев донорлардан түскен ақшаны сақтайтын банктің қалай іріктелетінін түсіндірді.
«Біріншіден, банк сенімді болуы тиіс. Бастапқыда шетелдік банкті таңдамаймыз, тек қазақстандық банктермен жұмыс істейміз деп шештік. Ресейлік банктерде санкцияға байланысты проблема басталғанда бұл шешіміміздің дұрыстығына көз жеткіздік. Ақшаны қай банкте сақтаймыз деп таңдамаймыз, өйткені ақшаны беретін ұйым қай банкке аударатынын өзі таңдайды», – деді ол.