Ауылды дамытуға бөлінген қаржыны игере алмай отырған өңірлер аталды
Былтыр ауылдарды дамытуға 128 млрд теңге бөлінген
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ауылды дамытуға бөлінген қаржыны игере алмай отырған өңірлерді атады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда 6 293 ауыл бар, онда 7,8 млн-ға жуық қазақстандық тұрып жатыр.
«Ауыл-ел бесігі» жобасын іске асыру үшін болашағы бар 3,5 мың ауыл іріктеліп алынды. 2019 жылдан бастап оларды дамыту бойынша «Ауыл-ел бесігі» жобасы шеңберінде жоспарлы түрде басым тәртіппен жүзеге асырылуда», - деді министр Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, жобаның мақсаты – инфрақұрылымды жаңғырту есебінен ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдарды өңірлік стандарттар жүйесі параметрлеріне жеткізу.
«Ол үшін 2019-2022 жылдары республикалық бюджеттен 326 млрд теңге бөлініп, 3,7 мың жоба іске асырылды. Мысалы, 334 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектісі, 1,2 мың әлеуметтік инфрақұрылым объектісі, 2,2 мың көлік инфрақұрылымы объектісі жаңадан салуға және жөндеуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде шамамен 30 мың жұмыс орны құрылды», - деді Әлібек Қуантыров.
2022 жылы 577 ауылда бір мыңнан аса жобаны іске асыруға 128 млрд теңге бөлінген.
«Биыл 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыс әкімдіктері бөлінген қаражаттың 94%-ын игерген. Қаражаттың толық игерілуі Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында байқалды. Сонымен қатар, қаражаттың дұрыс игерілмеуі Ұлытау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облысында тіркелді», - деді ведомство басшысы.