×

Mudarabah Capital ісі: жәбірленуші арызды өзі жазбағанын айтты

Қылмыстық іс бойынша 12 сотталушы бар

 Айгерім Таубай 12.01.2023 | 17:10
Фото: Абзал Қалиев

Алматыдағы қаржы пирамидасына қатысты сот процесінде жәбірленуші сотталушыларға қатысты арызды өзі жазбағанын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Astex.kz және Mudarabah Capital қаржы пирамидасына байланысты істе 12 сотталушы бар. Сотта жәбірленушілер жауап беріп жатыр.

Вайнер Мейіржан Төребаевтың адвокаты Ролан Мурадов жәбірленуші Толқын Қаспақовадан арызды кім жазғанын сұрады.

Шынымда айтсам, арызды өзім жазған жоқпын. Жұмысыма байланысты өзім жаза алмадым. Маған арыздың үлгісін берді. Арызбен тынысып шықтым, - деді жәбірленуші.

Адвокаттың айтуынша, арызда жәбірленушінің Mudarabah Capital жарнамасын Instagram әлеуметтік желісінен көргені жазылған.

Оны сізге кім айтты? Мен олай жазған жоқпын. Instagram арқылы көрген жоқпын. Mudarabah Capital туралы жақын туысымнан естідім. Instagram-нан кейін көрдім. Қызығушылық туғаннан кейін жарнаманы көрдім. (...) Туысым осындай компания бар екенін, кеңсесіне барып мән-жайын білу қажет екенін айтты, - деді әйел.

Адвокат жәбірленушіден «құқық қорғау органдары тарапы вайнерлерге қарсы, оның ішінде Мейіржан Төребаевқа қатысты куәлік беруді сұрады ма?» деп сұрады.

«Иә, ең басында куәлік беруге шақырған кезде тергеуші... Құрылтайшыларды сұраған кезде вайнердің кінәлі екенін айтты. Вайнерлер жарнама жасады, бірақ олар құрылтайшылардың арасында болса, әрине, жауап береді. Аудандық полиция бөлімінде вайнерлердің үстінен арыз жазу қажет екенін, себебі олар да жауапкершілікке тартылуы керек екенін айтты. Ал нақты Төребаевқа қатысты ештеңе айтылмады», - деді жәбірленуші.

Айта кетейік, 2023 жылдың 9 қаңтарында Алматыда танымал вайнер Мейіржан Төребаев пен Mudarabah Capital компаниясына қатысы бар деген күдікпен ұсталған бірнеше адамға қатысты сот тергеуі басталды. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама