«6 айда депо салу мүмкін бе?» Қоғамдық ұйым 676 млн теңгенің өрт сөндіру бекетіне қатысты мәселе көтерді
Келісімшартта құрылыс уақыты 6 ай деп көрсетілген
Елордаданың Ильинка тұрғын алабында өрт сөндіру бекеті алты айдан бері тапсырылмай келеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Нысанның құрылыс-монтаждау жұмысына 676 547 890 теңге бөлінген.
«Әділдік жол» РҚБ Астана қалалық филиалының ақпаратына сәйкес, өрт сөндіру депосы Ильинка тұрғын алабындағы Жанқожа батыр мен Доспамбет жырау көшелерінің қиылысында салынуы тиіс.
«Өрт сөндіру бекетінің құрылыс-монтаж жұмыстарына 676 547 890 теңге бөлінді. 2022 жылдың 17 қаңтарда жасалған келісімшартта құрылыс мерзімі 6 ай деп көрсетілген. Кейін ол келісімшартқа қосымша екі келісім жасалады. Бірінші келісімде құрылыс мерзімі 2023 жылдың 12 желтоқсанына дейін ұзартылды, ал екінші келісімде мерзім 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін қысқарды», – деді қоғамдық ұйым.
Сондай-ақ аталған келісімде көрсетілген мерзім ішінде өрт сөндіру депосын салуға жеткіліксіз деп есептейді.
«Түсініксіз жағдай. Құрылыс қай жылы аяқталуы керек? Әлде жобалық-сметалық құжаттамада қателік кетті ме? Жалпы 6 айда тұтас өрт сөндіру бекетін салып біту мүмкін бе?», – деп қосты «Әділдік жолы» РҚБ.