Премьер азық-түлік бағасын тұрақтандыруды тапсырды
Ол инфляцияны тежеп, бағаларды ұстап тұру үшін қосымша іс-шаралар әзірлеу қажет дейді
Премьер-министр Әлихан Смайылов үкімет отырысында әкімдер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға ерекше көңіл бөлуі тиіс деді. Оның айтуынша, бұл үшін қажетті механизмнің барлығы бар.
Нарықтағы құбылмалы жағдайды ескеріп, Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдар және әкімдіктермен бірге инфляцияны тежеп, бағаларды ұстап тұру үшін қосымша іс-шаралар әзірлеуі қажет, – деді Смайылов.
Оның мәліметінше, қазіргі жағдайда іскерлік белсенділікті әрі қарай дамыту үшін индустрияландыру жұмыстарын тиімді жүргізудің, экономикаға, әсіресе, шикізаттық емес секторға ішкі және сыртқы инвестициялар тартудың, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытудың маңызы зор.
«Индустрия, ауыл шаруашылығы, ұлттық экономика министрліктері мен әкімдіктер бұл жұмысты айрықша бақылауда ұстауы қажет», – деді үкімет басшысы.
Премьер сөз соңында бизнес өкілдерінің қатысуымен үкімет жанынан Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штаб жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Ол барлық проблемалық мәселе бойынша бизнеспен бірлесіп шешім қабылданып жатқанын айтты.
Осыған орай, «Атамекен» ұлттық палатасы мемлекеттік органдармен бірге штаб отырысында шешім қабылдау үшін бизнес мәселелерін шұғыл түрде енгізіп отыруы тиіс, – деп түйіндеді Смайылов.
Бұған дейін Ұлттық банк қазір қабылданып жатқан шаралар жайлы баяндаған болатын.