Еңбек министрлігі ең төменгі жалақының өсуі қанша адамның кірісіне әсер еткенін хабарлады

Халық үні

Қазақстанда 1,8 млн-нан астам жалдамалы жұмыскердің кірісі көбейген

фото: Halyq Uni

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 60 000 теңгеден 70 000 теңгеге дейін артты.

Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс берушілер жұмыскерлерге еңбекақыны ЕТЖ-дан төмен болмайтын деңгейде қамтамасыз етуге міндетті. Осының арқасында түрлі меншік нысанындағы кәсіпорындардың барлық саласында жұмыс істейтін жалақысы 70 мың теңгеге дейінгі 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің ақшалай кірістері өседі.

Бірінші кезекте ЕТЖ көтерілуі «жалақысы төмен» қызметкерлерге қатысты болады. Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайды.

Естеріңізге сала кетейік, ЕТЖ еңбек саласындағы ең төменгі әлеуметтік стандарт және жыл сайын тиісті қаржы жылына сәйкес «Республикалық бюджет туралы» заңмен белгіленеді.