Бүгінге дейін 100-ден астам заңсыз есептеуге қатысты хат жолданды
«Әділдік жолы» РҚБ-ның бастамасымен заңсыз төленген 170 млн теңге бюджетке қайтарылды. Мемлекеттік органдар бұл қаржыны кәсіпкерлерге қосылған құн салығы ретінде аударған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қазақстанда қосылған құн салығы (ҚҚС) ел бюджетінің негізін құрайтын салықтарының бірі.
«Бірқатар мемлекеттік орган мұндай салық салынбайтын кәсіпкерлерге ҚҚС есептеді. Яғни, бюджет қаржысын оларға жайдан-жай бере салды. Мониторинг кезінде біз шарттар жасалған компанияға ірі көлемде ҚҚС-тың есептелгені анықталды. Мәселе тиын-тебен туралы емес», – деп жазады «Әділдік жолы» РҚБ.
Қоғамдық ұйымның мәліметінше, тексеріс кезінде ҚҚС-ты мемлекеттік мекемелермен қатар квазимемлекеттік ұйымдар заңсыз есептегені анықталды. Қазіргі дейін 100-ден астам заңсыз есептеуге қатысты ұйымға хат жолданды.
Қазіргі уақытта Түркістан облысы 42 145 402 теңге, Қызылорда облысы 24 336 269 теңге, Шымкент қаласы 17 196 478 теңге, Алматы қаласы 12 112 548 теңге және Павлодар облысы 11 815 632 теңгені бюджетке қайтарды.