Прокурор Қайрат Боранбаев пен сыбайластары газ жеткізуде қалай заңсыз әрекет еткенін айтты

Айгерім Таубай

Сотталушылар газды арзан бағаға алуға болатынына қарамастан, «АзияГазЧунджа» ЖШС арқылы қымбатқа сатып алған

Фото: Tengrinews.kz

Кәсіпкер Қайрат Боранбаев және оның сыбайластары «QazaqGaz» ұлттық компаниясына газ сату кезінде 14,6 миллиард теңгені иемденді деген күдікке ілінген. Мемлекеттік айыптаушы Бауыржан Шекеновтің айтуынша, ол ұлттық компанияның лауазымды тұлғаларымен бірлесіп әрекет еткен, деп хабарлайды Halyq Uni.

Прокурор Бауыржан Шекеновтің айтуынша, сотталушы Қайрат Боранбаев, Роман Наханов, Тайыр Жанұзақ аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп айыпталып отыр.

Ол Қайрат Боранбаевтың көп жыл газ компаниясында басшылық қызмет атқарғанын, газды сату-сатып алуға мамандандырылған бірқатар коммерциялық кәсіпорынның құрылтайшысы екенін айтып өтті.

«Тәжірибесі бар екенін және қажетті ақпаратқа қол жеткізе алатынын ескеріп, Боранбаев, Наханов, Жанұзақ және «QazaqGaz» ҰК» АҚ лауазымды тұлғалары газ импортын пайдакүнемдік мақсатта пайдалануға шешім қабылдаған. 2019 жылдың мамырында Ибулла Серді («ҚазТрансГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары) Боранбаев, Наханов, Жанұзақпен («QazaqGaz «ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары) келісімге келіп, газ нарығындағы жағдайды өз пайдасы үшін пайдаланбақ болған. Қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін мемлекеттік компанияның қаражатын ұрлаудың қылмыстық жоспарын жасаған, Ресей газын тікелей емес, бақылаудағы компаниялар арқылы қымбат бағаға импорттауды ойлаған. Бұл істе Жанұзақтың рөлі тікелей орындаушы деп айқындалған. Оның сыбайластары – Боранбаев пен Наханов ортақ қылмыстық жоспарды жүзеге асыру мақсатында ақша жымқыру үшін өздеріне тиесілі «АзияГазЧунджа» ЖШС-ны пайдаланған. Боранбаев пен Наханов «АзияГазЧунджа» ЖШС-ның құрылтайшысы», - деді мемлекеттік айыптаушы.

Тергеу мәліметі бойынша, Боранбаев өзінің сенімді адамы Роман Нахановпен, Ибулла Серді және Тайыр Жанұзақпен бірге 2019 жылдың 1 шілдесінен 2022 жылдың 11 ақпанына дейін «АзияГазЧунджа» ЖШС пен «QazaqGaz» ҰК» АҚ арасында келісімге келген. ЖШС АҚ-ға 2 026 419 текше метр көлемінде жалпы сомасы 141 681 676 272 теңгеге газ жеткізуге келіскен.

«Жанұзақ жағдай жасап, «QazaqGaz» ҰК» АҚ-дан «АзияГазЧунджа» ЖШС-ның «Қазақстан Халық банкі» АҚ-дағы шотына газ жеткізгені үшін қосымша құн салығын қосқанда 141 681 676 272 теңге аударылған. «QazaqGaz» ҰК» АҚ көрсетілген көлемдегі тауарды тікелей «Газпром-экспорт» арқылы 1000 текше метрі үшін 145 АҚШ доллары бағасына 127 116 358 270 теңгеге алады. Осылайша Жанұзақ Серді, Боранбаев және Наханов 2019 жылдың 1 шілдесі мен 2020 жылдың 23 қаңтарына дейінгі аралықта 14 565 318 010 теңге сомасына мемлекет қаражатын жұмсаған», - деді мемлекеттік айыптаушы.

Сотталушылар тауарды арзан бағаға алуға болатынына қарамастан, «АзияГазЧунджа» ЖШС арқылы қымбатқа сатып алған.

«Осылайша, Қазақстанның газ тарату жүйесіне табиғи газды қымбатқа сатып алған, бұл газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператор қызметіне кері әсер етті», - деді Бауыржан Шекенов.

Сондай-ақ Боранбаев пен Наханов ұрланған ақшаны заңсыз заңдастырды деп айыпталып отыр.

«QazaqGaz» ҰК» АҚ-дан ұрланған 14 656 318 010 теңге ақшалай қаражат «Қазақстан Халық банкі» АҚ-дағы «АзияГазЧунджа» ЖШС шотында жинақталды. 2019 жылдың шілдесі мен 2020 жылдың сәуірі аралығында Серді, Боранбаев және Наханов ұрланған ақшалай қаражатты заңды айналымға енгізу және ақшалай қаражатты заңдастыру мақсатында кәсіпкерлік қызметінен дивидендтер түрінде заңдастырды. Боранбаев пен Наханов «АзияГазЧунджа» ЖШС жиналысында №2 және №3 хаттаманы толтырды. Соған сәйкес, заңсыз алынған ақша 2019-2022 жылдары ЖШС меншік иелері арасында дивиденд түрінде бөлінді: Боранбаевқа – 4 млрд 804 млн теңге, Нахановқа – 533 млн 795 мың теңге, «ДС Тас» ЖШС-ға 5 млрд 337 млн теңге», - деді Шекенов.

Келесі сот отырысы 2023 жылы 4 қаңтарда өтеді.