Алматы әкімдігінің аппараты 5,4 млн теңгеге алтын алмалар сатып алмақ
Бастапқыда кәдесый сатып алуға 12 млн теңге жоспарлаған
Мемлекеттік сатып алу сайтындағы дерекке сүйенсек, жаңа жыл қарсаңында Алматы қаласы әкім аппараты кәдесый өнімдерін сатып алуға 12 желтоқсан күні келсімшарт бекіткен. Әлеуетті өнім беруші ретінде – Тринкин Борис Федорович жеке кәсіпкерлігі таңдалған. Келісімшарт бір көзден сатып алу әдісі арқылы жасалған. Шарт құны – 5,4 млн теңге.
2022 жылы шілдеде құрылған шарттың бастапқы жалпы сомасы – 12 млн теңге. Алайда қосымша келісім құрылып, шарт құны 5,4 млн теңгеге қысқартылған.
Шарттың техникалық сипаттамасында кәдесыйлардың қандай мақсатта алынғандығы туралы ақпарат жоқ. Тек алмалардың никельмен қапталып, 24 карат алтынмен зерленуін және жасанды тастан жасалған былғары қорап болуы керектігі көрсетілген.
Айта кетелік, Алматы қаласын екі жарым жылдай басқарған Бақытжан Сағынтаевтың орнына қаңтардан соң Ерболат Досаев келді. Алматы тұрғындары «Досаев біздің әкім емес», «Батыр қала Алматыға Досаев лайық емес» деген ұранмен бейбіт митинг өткізіп, әкім сайлау құқығын сұраған болатын. Алматы қаласы әкімдігі қала туризмін дамыту мақсатында бюджет есебінен қомақты қаржыға фестиваль форматындағы іс-шаралады жиі өткізеді.