×

Аңғал батырдың аңғал жұртынан – 120 ірі қара. Төрт ауыл төрт түлігін алаяққа тиеп берген

Тәртіп сақшылары «малды өздерің бердіңдер» деп шағымды қабылдамаған

 Еркеғали Болатұлы 30.12.2022 | 12:15
фото: ашық дереккөз

Ақмола облысында 35 жастағы Амантай Беказат деген жігіт «сатып беремін» деп алдап, Ақкөл, Аңғал батыр, Қарашілік, Жаңалық ауылдарының жылқы, сиырларын алып кеткен.

КТК телеарнасының хабарлауынша, тіпті, алаяқ мал иелеріне бір тиын да ұстатпай, бәрін мөрі жоқ келісімшартпен қатырған. Жеке куәлігінің көшірмесін таратып, ауызша берген уәдесіне сеніп қалдық дейді алданған жұрт.

Алласы аузынан түспейтін жігіт ешкіммен саудаласпай, жұрттың айтқан бағасына малын ала беріпті. Оларды «ақшасын кейін берем» деп көндірген. Аңғал батыр ауылының тұрғындары, тіпті, малды көлікке өздері түн ортасында артып берген. Енді төрт түлігінен айырылған төрт ауылдың халқы Ақкөл ауылына жиналып, күдіктіні іздеп жүр.

Аңғал батыр ауылынан ұсақ малды айтпағанда, сиыры бар, бұзау бар, бұқасы бар, 120-дай қара мал кетті. Өзіме 550 мың, көрші Қанатқа 1 миллион теңге қарыз. Біреуден 26 бас алған, қара мал. Қағылез екен. Шарттағы мөріне де қарамаппыз. Көк тиын берген жоқ, - дейді Аңғал батыр ауылының тұрғыны Әлия Тасмұқамбетова.

Төрт түлікпен күнелткен жұрт малдарын биылғы жем-шөп тапшылығы салдарынан амалсыз сатқан. Ақшасына қысқы отын аламыз деп ойлапты. Алданып қалғанын білгенде, бірден полицияға хабарласқан. Алайда тәртіп сақшылары «малды өздерің бердіңдер» деп шағымды қабылдамаған. Десе де сан соғып қалғандардың көптігінен іс қозғалып, тергеу басталған.

Полиция ауыл тұрғындарынан мал алып жүрген азаматтың Целиноград ауданының тұрғыны екенін анықтады. Оған алаяқтық бабы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Зеренді ауданының полиция бөліміне де осы азаматқа қатысты бірнеше шағым түскен. Бұл іс одан әрі біріктіріп тергеліп жатыр, - деді Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнар Пинчук.

Сондай-ақ Амантай Бегазат бұл төрт ауылдан бөлек, көрші Солтүстік Қазақстан облысында да дәл осылай сауда жасаған. Ал әзірге оның жұртқа нақты қанша қарыз екені белгісіз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама