×

«ҚазТемірТранс» лауазымды тұлғалары қамауға алынды

Олардың кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алғаны анықталды

 Халық үні 30.12.2022 | 09:10
Фото: Абзал Қалиев

«ҚазТемірТранс»«ҚазТемірТранс» лауазымды тұлғалары қамауға алынды. Олардың кәсіпкерлерден жүйелі негізде пара алғаны анықталды, деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.

Ресми ақпаратқа сәйкес, Қазақстан жүк вагон паркінің ірі операторы «ҚазТемірТранс» акционерлік қоғамының лауазымды адамдарының қылмыстық схемасы ашылып, жолы кесілді.

«ҚазТемірТранс» АҚ – Қазақстан темір жолы еншілес кәсіпорындарының бірі.

«Акционерлерік қоғамның және оның өңірлік филиалдарының лауазымды тұлғалары жүк вагондарының тапшылығын пайдаланып, кей жағдайда осындай тапшылықты жасанды түрде жасап, проблемаларды шешудің орнына, осы жағдайды өздерінің пайдакүнемдік мақсаттарында пайдаланған. Олардың жүк вагондарын кедергісіз және жеделдетіп бергені үшін кәсіпкерлерден жүйелі негізде пара алғаны анықталды», - делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет таратқан ақпаратта.

Параны тұрақты алғандардың ішінде филиалдардың қызметкерлері мен басшылары, сондай-ақ бас кеңсе бөлімшелерінің менеджерлері мен бастықтары бар.

Ақша лауазымды тұлғалардың немесе олардың сенімді адамдарының, оның ішінде жақын туыстарының шотына аударылып отырған.

«ҚазТемірТранс» АҚ-ның Ақмола облысындағы филиалының бір ғана басшысы 2020 жылдан бастап 70 миллион теңгеден астам қаражатты заңсыз алып, оның басым бөлігін Щучье-Бурабай курорттық аймағының ойын мекемелерінде жұмсаған.

Қарағанды филиалының бұрынғы және қазіргі басшылары да осындай қылмыстар жасады деп күдіктеліп отыр.

Аталған барлық адам ұсталды және тергеу сотының санкциясымен 2 айға қамауға алынды, - делінген ақпаратта.

Сондай-ақ ақшалай қаражатты заңсыз алу бойынша Қызылорда филиалының басшысы мен АҚ-ның орталық аппаратының бірқатар қызметкері әшкереленді.

Басқа лауазымды тұлғалардың қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Айта кетейік, жүк вагондарының уақтылы жеткізілмеуіне байланысты жүк жөнелтуші кәсіпорындар үлкен шығынға ұшырайды және пара беру арқылы өз мәселелерін шешуге жүгінуге мәжбүр. Сонымен қатар бұл шығындардың барлығы тауарлар бағасының өсуіне әсер етеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама