Антикор басшысы Әлихан Бөкейхановтың 100 жыл бұрынғы мақаласынан мысал келтірді
Антикор басшысы көзбояушылық пен есеп үшін жасалатын әрекетке жол бермеуге шақырды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде ауыл шаруашылығын субсидиялау саласындағы жемқорлық бойынша кеңес өтті. Іс-шараға Қаржы, Ұлттық экономика, Цифрлық даму, Бас прокурордың, Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасарлары, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрінің өкілдері қатысты.
Антикор басшысы Марат Ахметжанов салалық министрлік қабылдап жатқан шараларға алаңдаушылық білдіріп, көзбояушылық пен есеп үшін жасалатын әрекетке жол бермеуге шақырды.
Жұртшылық пен фермерлерді жұмысқа формальды түрде тартпау керек. Оларды бұл жұмысқа шынайы жұмылдыру қажет, олар өз ұсынысын білдіріп, егер нақты ұсыныстары болса, тіпті ережелерді жазуға тиіс, - деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Агенттік төрағасы мүдделі тараптарды тарта отырып, талқылау барысында жағдайды түзету бойынша оңтайлы шешімдер әзірленетін талдау қорытындылары бойынша әзірленген ұсынымдарды бірлесіп пысықтау қажеттігіне ерекше назар аударды.
Агенттік агросаясатқа еш араласпайды. Біз маман емеспіз, фермер емеспіз. Біз үшін бюджет ақшасының ұрланбауы және онда жемқорлықтың болмауы маңызды. Ең бастысы, субсидияларды шынымен лайықты, өндірісті дамытып, жұмыс орындарын құрып, халық үшін өнімді арзандатып, ел экономикасын көтеретіндер алуы керек, - деді ведомство басшысы.
Ведомство басшысы Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың 1915 жылы жарияланған мақаласынан үзінді келтіріп, 100 жыл бұрынғы мақалада айтылған сөздің әлі де өзекті екенін жеткізді.
«Қазақтың кең даласы малды асырайды, ал мал елді асырайды. Әлемдік нарықта ешқашан мал өніміне сұраныс таусылмайды. Өкінішке қарай, байтақ жерді шалқып, мал басын қосып, еңбек ете алмай отырмыз», делінген Антикор басшысы келтірген мақала үзіндісінде.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін сотқа дейінгі тергеу қызметінің басшысы Асхат Жұмағали субсидиялау бойынша бүгінде өндірісте 54 іс барын, 22 адам күдікті деп танылып, оның 14-і қамауда, екеуі үй қамағында отырғанын жеткізді. Қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың арасында - 11 лауазымды тұлға, оның ішінде Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының 2 қызметкері бар. Екі адам сотталды. Бұл істер бойынша алдын ала шығын - 2,6 млрд теңгеден асады.
Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин саладағы жемқорлықты болдырмас үшін субсидиялау процесінің қарапайымдылығын, ашықтығын және дұрыстығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ұсынысын айтты.