Жеңілдетілген автонесие: министр қазақстандықтарды сабырға шақырды
Қайырбек Өскенбаев бағдарламаға бұрынғыдай қомақты қаражат бөлінбейтінін айтты
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жеңілдетілген автонесие бағдарламасы жұмысын тоқтатпағанын, кезекте тұрған қазақстандықтар көлігін міндетті түрде алатынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бағдарлама тоқтаған жоқ. Бұрын ол бағдарламаға 100 млрд теңге бөлінген. Енді мұндай қаражат бөлінбейді. Бұрын бөлінген ақша (автонесие алғандардан, – авт.) неғұрлым қайтарылса, сол арқылы берілуге тиіс. Алайда банктер қаржыны сәл жинап алып, кредит беру туралы шешім қабылдады. Менің ойымша, олар өздері біледі, - деді Қайырбек Өскенбаев Үкіметтің жалпы отырысынан соң.
Министрдің пікірінше, күнделікті түскен қаражатты бағдарламаға бөліп отыру керек.
«Мен күнделікті түскен ақшаны күн сайын (бағдарламаға, – автор) бөліп отыру керек деп ойлаймын. Сондықтан бағдарламаны тоқтатпай, халықты да шулатпай, процесс күн сайын жүруі керек», - деді ол.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі бүгінде отандық көлік алу үшін кезекте тұрған 15 мың қазақстандық барын атап өтті.
13 мың адам жаңа көлік алды. Тағы 16 мың адам көлік алуға өтініш берді. Көлік алуға бұрын өтіш берген 15 мың адам бар. Менің ойымша, бәрі әділ болуға тиіс. Кім бірінші өтінішті берді, алдымен соларды қамту керек, - деді ведомство басшысы.
Министр кезегін күткен қазақстандықтар міндетті түрде бағдарлама арқылы көлігін алады деп сендірді.
«Әрине, олар көлігін ала алады. Біз жыл сайын ішкі өнімді өсіріп жатырмыз. Мысалы, биыл 110 мың көлік шығардық. 2023 жылы 120 мың көлік шығарамыз деп жоспарлап отырмыз. Алайда көлік саны одан көп болады. 130 мың көлікке дейін жеткіземіз. Көлік бәріне жетеді», - деп түйіндеді сөзін министр.
Жеңілдетілген автонесиенің шарттары:
- сыйақы мөлшерлемесі – 4%;
- несиелеу сомасы – 10 млн теңгеге дейін;
- қаржыландыру мерзімі – 7 жылға дейін;
- бастапқы жарна – 0%-дан бастап;
- көліктің құны – 15 млн теңгеге дейін.
Қазақстандықтар аталған бағдарламаның көмегімен елде құрастырылған Chevrolet, JАС, Kia, Hyundai тағы басқа көліктерді алуға мүмкіндігі бар.