×

ҚызПУ-дың бұрынғы ректоры 7 жылға сотталды

Сотталушылардың әрекетінен университетке 95,5 миллион теңге шығын келген

 Айгерім Таубай 27.12.2022 | 12:05
Фото: википедия

Алматы облысы Қарасай ауданы сотында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінен жер учаскесін талан-таражға салды деп айыпталған жоғары оқу орнының қызметкерлері мен шенеуніктерге үкім шықты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қарасай ауданды сотында қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы («сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу») және 385-бабының 2 және 3 бөлігі («жалған құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу») бойынша айыпталушыларға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотталушылар Қарасай ауданы Кемертоған ауылында ауданы 9,0 гектар жер учаскесін талан-таражға салды деп айыпталды.

2018 жылы сотталушы Гаухар Алдамбергенова университет ректоры кезінде өзінің туған ағасы – сотталушы К.-ны кеңесшісі қызметіне тағайындаған.

Шамамен 2018 жылдың наурызында А. және К. университетке тиесілі жер учаскесін иеліктен заңсыз шығаруға бағытталған қылмыс туралы ойлаған.

2018 жылдың наурызының соңында К. бұл ойы туралы «Азаматтарға арналған үкімет «мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалының Қарасай жер кадастры және жылжымайтын мүлік бөлімінің басшысы – сотталушы Ж.-ға айтқан. Ж. қылмыс жоспары туралы өзінің орынбасары – сотталушы Д.-ға және бөлім маманы – сотталушы Е.-ге айтқан.

Сот алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобы әрекет етіп, сотталушы Ж., Д., Е. Алматы облысы Қарасай ауданы әкімдігінің дайын қаулысын қолданғанын анықтады. Жер учаскелері заңсыз ресімделетін жеке тұлғалардың тізімін алып, әрқайсысына 6-12 соттық жерден бөліп жазуды көздеген.

Содан кейін жеке тұлғалардың нақты өтінішінсіз жер учаскесі бойынша жер учаскесін бөліп, қоныстандыру шаралары бойынша 110 жоба дайындаған.

Нәтижесінде 0,06 – 0,12 гектар сегменттелген жер учаскелері 74 жеке тұлғаға заңсыз ресімделді, олардың атына 110 жер учаскесіне жеке меншік құқығы тіркеліп, актілер берілді.

2018 жылдың қарашасынан бастап жер учаскелері маклердің көмегімен басқа адамдарға сатылды. Табысты сотталушылар өз арасында бөліп алған. Осылайша жалпы сомасы 95 544 000 теңгеге аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірді.

Сотта айыпталушы А., К. және Ж. өзіне тағылған айыпты мойындамады, өздерін ақтауды сұрады.

Айыпталушылар Е. және Д. өздеріне тағылған айыпты мойындады және басқа сотталушылардың іске қатысы барын растады.

Мемлекеттік айыптаушы А., К., Ж., Д. және Е.-ні кінәлі деп тануды және оларды 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте, мемлекеттік орган мен ұйымда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыруды сұрады.

Сот сотталушы А. және К.-ның жазасын жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайдың жоқ екенін айтты.

Сотталушы Ж., Д. және Е.-нің жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде олардың кішкентай балаларының болуын ескерді. Сондай-ақ сот кінәсін мойындау және сотталушылардың өкінуін жазаны жеңілдететін мән-жай деп таныды.

Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағында көрсетілген аса ауыр қылмысты жасаған адамның кінәсі дәлелденсе, оны 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.

Қарасай аудандық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот сотталушыларды барлық айыптау пункті бойынша кінәлі деп таныды және олардың әрқайсысына 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Олар жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде өтейді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте, мемлекеттік органдар мен ұйымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Сотталушы Д. және Е.-нің кінәсін толық мойындағанын, сол арқылы басқа сотталушылардың іске қатысты бар екенін растағанын ескеріп, олардың келген залалды толық өтегенін, сондай-ақ қылмысты жасаған кезде басшыға бағынғанын ескеріп, сот оларға шартты түрде 7 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады. Сондай-ақ олар мемлекеттік қызметте, мемлекеттік органдар мен ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама