Halyq Uni логотип
×

Жансая Әбдімәліктің әкесі басшылық ететін орталық бюджеттен 83 млн теңге алмақ

Ал Жансая Әбдімәліктің өзі Алматы қаласы мәслихатының ең жас депутаты

 Ая Өміртай 26.12.2022 | 12:26
Жансая Әбдімәліктің әкесі басшылық ететін орталық бюджеттен 83 млн теңге алмақ
Коллаж: Halyq Uni

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы мәліметке сүйенсек, 12 желтоқсанда Алматы қаласы спорт басқармасы спорттық іс-шаралар өткізу үшін «Chess Academy of Zhansaya Abdumalik» ЖШС-мен келісімшарт бекіткен. Шарттың жалпы сомасы – 83,3 млн теңге.

Бұл сомаға орталық жыл соңына дейін Алматы қаласының чемпионатын және шахматтан халықаралық турнир өткізуге тиіс. Келісімшарттың бастапқы құны – 47,4 млн теңге. Қосымша келісімшарт негізінде аталған сомаға тағы 35,9 млн теңге қосылған.

Әлеуетті өнім беруші ретінде таңдалған шахмат орталығының директоры – Данияр Әшіров. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, шахматшы Жансая Әбдімәліктің әкесі. Академия ашылған жылы баспасөзге берген сұқбатында ол орталықта балалар үш ауысыммен жаттығатынын айтқан болатын.

Айта кетелік, 2021 жылы Алматы қаласы мәслихатына шахматшы Жансая Әбдімәлік, бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов және қазір істі болған кәсіпкер Қайрат Құдайберген «Нұр Отан» партиясы атынан сайланды. Он төрт жасында әйел гроссмейстер атанған Жансая Әбдімәлік Тоқаев қатысатын мерекелік басқосуларға жиі шақырылады. Қазір Жансая Әбдімәлік Алматы Шахмат федерациясының директоры.

Айта кетейік, 25-30 желтоқсанда Алматы қаласында рапид және блиц шахматтан әлем чемпионаты өтуде, оған Жансая Әбдімәлік те қатысып жатыр. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама