Шымкентте мүгедектігі бар балаларға жәрдемақының жартысы төленбей жүр
Ата-аналар мол қаржының қайда кетіп жатқанын түсіндіруді талап етті
Шымкентте мүгедек балалардың ата-аналары халықты әлеуметтік қорғау департаментіне барып, наразылық білдірді. Себебі олар жеткіншектерге төленетін жәрдемақының жартысы қолымызға тимейді дейді. Яғни мемлекеттен берілетін ақша балалардың арнайы мектепке барғаны үшін ұсталады екен. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Мұндай тәжірибе тек Шымкент пен Түркістан облысында ғана бар деп отыр ата-аналар. Сондықтан олар мол қаржының қайда кетіп жатқанын түсіндіруді талап етті. Ал осы өңірдегі әлеуметтік салаға жауаптылар мәселені заң шығарушы органға сілтей салды.
Зағип, есту қабілеті нашар және психоневрологиялық ауытқуы бар жеткіншектердің ата-аналарының айтуынша, олардан ерекше күтімдегі балалары арнайы мектепте білім алады деген желеумен жарты ақша ұсталады екен.
Айына түскен 52 мыңға киім алады деп ойлайсыз ба? Көлік алады деп ойлайсыз ба? Әрине, біз оны еміне жұмсаймыз. Баламның емі жоқ, дегенмен Санкт-Петербург қаласындағы Скрип Петрович маған үміт беріп отыр. Оған бір барып келгеніме 1 мың еуро кетеді. Теңгемен біраз ақша болады ғой. Онсыз да қаржы жинап, бүкіл мүлігімді сатып барып-келіп жатырмыз. Білмеймін, енді сататын нәрсе қалмады, - дейді мүгедек оқушының анасы Айсұлу Байғараева.
Бұл ретте арнайы мектепке таңертең барып, түстен кейін қайтатын мүгедек баланы «аптасына жеті күн мемлекет қарауында» деуі ата-аналардың шымбайына батқан. Сондықтан олар қомақты қаржының қайда кетіп жатқанын білгісі келеді. Әйтпесе бала саны аз емес. Мәселен, Шымкенттегі арнайы 5 мектепте мүгедек 635 бала оқиды.
Сонда неліктен Қазақстандағы басқа мектептерде ұсталмайды, тек Шымкентте ұсталады дегеннен кейін күдігіміз болды. Біреудің қалтасына кетіп жатқан шығар. Кімнің қалтасына, не үшін кетіп жатқанын білгіміз келеді, - дейді келесі ата-ана Әйгерім Имашева.
Наразы топ Шымкенттегі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаменті басшысының кабинетіне кірді. Ал ол басқа интернаттардың жәрдемақыны ұстап жатқанына көз жеткізу үшін өзге өңірлердегі әріптестеріне хабарласқанмен, олар ләм-мим дей алмады. Сондықтан департамент басшысы мәселе заңның шала болуынан деп құтылды.
Депуттарға шығайық. Мынау бұйрыққа, болмаса, 63-заңға өзгеріс енгізейік. Сіздердің жағдайларыңызды кіргізейік. Балаларыңыз интернатта 24 сағат емес, 5-6 сағат жатады. Қалған уақытта өздеріңіздің қолдарыңызда болып тұр ғой, - деді департамент басшысы Бахтияр Өнербаев.
«Бүгіннен бастап мәселені жоғары жаққа жеткіземін» деген басшы ата-аналардың көзінше Мәжіліс депутаттарына да қоңырау шалып, заңға шұғыл өзгерістер мен толықтырулар енгізуге ұсыныс жасаған. Бірақ мұны спектакльге балаған ата-аналар прокурорлар тексеріп, мәселеге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі араласса екен деп отыр.