Kazakh Tourism ресейлік стендап-комиктер шақырылған концерт жайлы сынға жауап берді

Ая Өміртай

Ақтауда өткен концерттік іс-шараға бюджет есебінен 20 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған

көрнекі фото: vivid-travel.kz

Kazakh Tourism ұлттық компаниясы Ақтауда ресейлік стендап-комиктердің қатысуымен ұйымдастырылған концерттік іс-шараға 20 млн теңгеден астам қаржы жұмсаған. Компания төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов Halyq Uni тілшісіне бюджет қаржысы қаншалықты тиімді игерілді деген сауалға жауап берді. Компания өкілі аталған шоуды ұйымдастыруға ақша бөлінгенін жоққа шығармады.

«Ақтауда өткен шараға қатысқандардың 90 пайызы қазақстандық стендап-комиктер. Концертке шетелдік танымал артистерді шақыру қалыпты тәжірибе. Сондықтан заңды», - дейді ол.

Ал неліктен ресейлік артистер шақырылды деген сауалға ол қандай да бір шектеу қойылмағанын жеткізді.

Шынтуайтында біз ешқандай шектеу қойған жоқпыз. Бұл артистер – өте танымал. Мұнда айтарлықтай мәселе емес деп есептейміз, - деді компания төрағасының орынбасары.

Айта кетелік, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы Ақтауда «туризмді дамыту» үшін ресейлік артистердің қатысуымен болған концертті ұйымдастыруға 21,9 миллион теңге бөлген. Шоуды өткізу үшін Rixos қонақүйін жалға алуға 3,3 млн теңге жұмсалған. Концертте алты қазақстандық комик және ресейлік Сергей Орлов, Андрей Айрапетов өнер көрсетті.