Ол 20 млрд теңгеден астам қаражат жымқырды деген күдікке ілініп отыр
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «ӨКМ Операторы» ЖШС бұрынғы бас директорына қатысты 2016-2021 жылдар аралығында көлік құралдарын кәдеге жаратудың жоғары құнын белгілеу арқылы кәсіпорынның 20 млрд теңгеден астам сомадағы ақшалай қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
«ӨКМ Операторы» ЖШС бұрынғы бас директоры сот санкциясымен қамауға алынды.
Сонымен қатар, бұған дейін сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен Экология вице-министрі және «ӨКМ Операторы» ЖШС басқарма төрағасы ұсталған болатын. Қазір оларға қатысты тергеу жалғасуда.
Еске сала кетейік, қаңтар айында Үкімет қаулысымен өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері операторының (ӨКМ) функциялары «Жасыл Даму» акционерлік қоғамына берілді. Сонымен қатар, «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің құқықтары тоқтатылған болатын.