×

Алаяқтық жиі тіркелетін өңірлер аталды

Бір жылда қылмыстық құқық бұзушылық 7,1%-ға өскен

 Халық үні 20.12.2022 | 10:30
Halyq Uni

Елімізде 10 айда қылмыстық кодекстің «алаяқтық» бабы бойынша 37,3 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Бұл 2021 жылдың қаңтар-қазан айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 7,1%-ға көп, деп хабарлады Finprom.kz.

2021 жылы он айда 34,8 мың алаяқтық тіркелді.

Қылмыстық құқық бұзушылықтың жартысына жуығы (47,4%) – интернет алаяқтық. Бұл бойынша 17,7 мың құқық бұзушылық тіркелген.

Сондай-ақ төлем картасын пайдалану арқылы 244 алаяқтық, ақшалай қарыз алу арқылы 91 алаяқтық, несие саласында 47 іс және жылжымайтын мүлікке қатысты бір алаяқтық тіркелген.

Аймақтар бойынша қарасақ, ең көп жағдай Алматыда тіркелген – 8,7 мың. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 20,5 пайызға көп.

Сондай-ақ «үштікте» Астана (5,7 мың) мен Шымкент (3,5 мың) қаласы тұр.

Жаңадан құрылған Ұлытау, Жетісу және Абай облысы қылмыстық құқық бұзушылық аз тіркелген өңірлер арасында.

Қаңтар-қазан аралығында «алаяқтық» бабы бойынша құқық бұзушылықтар салдарынан келген шығын 95,8 миллиард теңгені құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 88,3%-ға көп.

Шығынның басым бөлігі жеке тұлғаларға келген – 64 миллиард теңге, былтыр бұл көрсеткіш 38 миллиард теңге болған.

Заңды тұлғаларға алаяқтық әрекет салдарынан 23,2 миллиард теңге (4,3 миллиард теңге – 2021 жыл) , мемлекетке 8,6 миллиард теңге (8,5 миллиард теңге – 2021 жыл) шығын келді.

Айта кетейік, бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин телефон алаяқтарымен күрес қалай жүріп жатқанын айтты

Ол бұл мәселені бірнеше рет Ішкі істер министрлігі және байланыс операторларымен талқылағанын жеткізді.

«Ұялы байланыс операторлары тиісті интеграцияны жүргізіп жатыр. Олардың әрқайсысы алаяқтарды анықтауды үйреніп келеді. Енді олар бір-бірімен жалпы ақпарат алмасуды күшейту бағытында тиісті интеграцияны іске асыруда. Бұл жұмыстар алаяқтардың нөмірлерін анықтап, оларды бұғаттауға бағытталған. Операторлар алаяқтар пайдаланатын нөмірлерді бұғаттауды үйренді. Қазір алаяқтардың әрекеттері азайып келеді. Дегенмен бұл алаяқтардың телефон нөмірлерімізді пайдалануы және оларды шетелге шығару мүмкіндігі әлі де бар», - деді Бағдат Мусин.

Сондай-ақ ол телефон алаяқтық дерегін азайту үшін ақпараттық қауіпсіздікті күшейту керегін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама