Халық табысы қалай артпақ - Ұлттық экономика министрлігі бағдарлама әзірледі
Министр Әлібек Қуантыров үкімет отырысында «Халық табысын арттыру» бағдарламасын таныстырды
Оның мәліметінше, биылғы 11 қаңтарда Мемлекет басшысы Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде халықтың жұмыспен қамтылуы мен табысының төмендігі проблемаларына тоқталып, Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Осы тапсырманы орындау мақсатында Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және сарапшылық қауымдастықпен бірлесіп, кедейшілік пен жұмыссыздық деңгейі бойынша нақты жағдайға талдау жүргізіп, Бағдарлама жобасын әзірледі.
Талдау нәтижелері бойынша, тұрақты оң динамикаға қарамастан, соңғы екі жылда халықтың нақты ақшалай табысының өсу қарқыны 2019 жылғы 6,4%-дан 2021 жылғы 2,9%-ға дейін баяулағаны айқындалды. Сонымен қатар халық табысының құрылымында еңбек етуден түсетін кірістердің төмендеуі және әлеуметтік трансферттерден кірістердің өсуі байқалады. Халықтың еңбек етуден түсетін табысының үлесі соңғы 10 жылда 10,8 пайыздық тармаққа төмендеді. Өз кезегінде, әлеуметтік трансферттердің үлесі, керісінше, 10 пайыздық тармаққа өсті, – деді Қуантыров.
Жүргізілген талдауды ескере отырып, Халық табысын арттыру бағдарламасында мына басымдықтар белгіленді:
- жұмысшы жастар;
- Халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру;
- Бюджет жұмыскерлеріне лайықты жалақы;
- Еңбек кірісіндегі теңгерімсіздіктерді жою;
- Ауыл шаруашылығында, өңдеу өнеркәсібінде тиімді жұмыспен қамтуды дамытуды ынталандыру;
- кәсіпкерлік кірістің өсуін ынталандыру;
- Табыстың сатып алу қабілетін қорғау.
Үкіметтің бүкіл экономикалық саясатының жалпы мақсаты халық табысын арттыру болғандықтан, Бағдарлама ұлттық жобалармен өзара байланысты. Бағдарлама шеңберіндегі шараларды шартты түрде тікелей және жанама деп бөлуге болады. Тікелей шаралар бюджет жұмыскерлерінің жалақысын көтеруге және кірістердегі теңгерімсіздікті теңестіруге бағытталған. Жанама шаралар халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, кәсіптік даярлау (қайта даярлау), өңдеуші кәсіпорындардың өнімділігін арттыру және кәсіпкерлікті дамыту арқылы табыстың өсу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған, – дейді министр.
Бағдарлама 80 шарадан тұрады, олар мынадай негізгі бағыттарға бөлінген:
- халықтың еңбек табысының артуы;
- кең ауқымды жұмыспен қамтуды дамыту арқылы халықтың табысын арттыру;
- сатып алу қабілетін қорғау.
Бағдарламаны іске асыру лайықты еңбек пен масылдықтан бас тарту идеяларын ілгерілету жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмысымен қатар жүретін болады. Еңбек табысын арттыру бағыты аясында 22 шара іске асырылады. Еңбек табысының өсуін қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, ғылым салалары жұмыскерлерінің орташа жалақысы көтеріледі. Өндіріс кәсіпорындары жұмыскерлерінің табысындағы теңгерімсіздіктерді жою бойынша, еңбек өнімділігін арттыру мақсатында өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын жаңғыртуды ынталандыру бойынша, өндірістік дағдыларды дамыту бойынша Бағдарламада «Өмір жолдамасы» кадрларды алдын ала даярлау жобасын өңірлік деңгейде іске асыру сияқты іс- шаралар көзделген, – дейді ол.
Кең ауқымды жұмыспен қамтуды дамыту арқылы халықтың табысын арттыру бағытында 41 шара іске асырылады. Жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған іс-шаралар жастарды жұмысқа орналастыру бойынша «Алғашқы жұмыс орны», «Түлектерге арналған жастар практикасы» жобаларын, сондай-ақ осал топқа жататын жекелеген адамдарды жұмысқа орналастыру тетігін іске асыруды қамтиды.Мектеп оқушылары, колледж түлектері арасында кәсіптік бағдар беруді енгізу, халықты, негізінен жастарды жаппай даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру «фабрикаларын» құру жөніндегі іс-шаралар біліктілік пен дағдыны арттыруға бағытталған. Шағын және орта бизнесті дамытуды ынталандыру кәсіпкерлерді қолдаудың өңірлік бағдарламасы шеңберінде кредиттер/микронесиелер бойынша жергілікті бюджеттерден субсидиялар беру, моно-, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендерде жеңілдікпен микрокредит беруді және жаңа кепілдік беру құралын енгізу арқылы жүзеге асырылады. Бағдарлама шеңберінде табыстың сатып алу қабілетін қорғауға ерекше мән беріледі.
Осы бағытта мынадай іс-шаралар іске асырылады:
- ӘМАТ тізбесіне енбеген азық-түлік тауарларының өндірісін ұлғайту;
- ішкі нарықтың импортын негізгі азық-түлік емес тауарлармен алмастыру бойынша шараларды іске асыру;
- халықтың проблемалы қарыздарымен жұмыс істеу бойынша банктердің жеке жоспарларын қабылдау.
Жоғарыда аталған іс-шараларды іске асыру 2025 жылға қарай мынадай 5 нысаналы индикаторға жоспарлы түрде қол жеткізуді қамтамасыз етеді:
- ЖІӨ-дегі еңбекақының үлесі – 34,5%;
- жалпы табыстағы еңбек қызметінен түскен табыстар үлесі – 76,2%;
- табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аз халықтың үлесі – 5,2%;
- жұмыссыздық деңгейі – 4,7%;
- бүкіл кезең ішінде барлығы 2 млн астам адамға жұмыс орындарын құру.