Онымен бірге шаруашылық мейірбикесі Е. Бикенова да жауапқа тартылды
Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданындағы орталық аурухана директоры Д. Нұрмағанова алаяқтық әрекеті үшін 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Айта кетсек, ол коронавируспен күрес шараларына атсалысып жатқан медицина қызметкерлерінің 2 223 185 теңге үстемеақысын алаяқтық жолмен тартып алған.
Мекеме басшысының ісі Бұқар жырау аудандық сотында қаралды. Онымен бірге шаруашылық мейірбикесі Е. Бикенова да жауапқа тартылып отыр. Өйткені Бикенова Нұрмағановаға үстемеақыдан өзіне де ақша аударту үшін 375 мың теңге көлемінде пара берген.
Сот үкімімен Д. Нұрмағановаға өмірбойы мемлекеттік қызметтен аластатылып, 3,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Ал Бикеноваға 3 750 000 теңге көлемінде айыппұл түрінде жаза тағайындалып, ол да өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.