Бұған дейін тұтынушылар өтініштері негізінде компанияда жоспардан тыс тексеру жүргізілген еді
«Астанаэнергосбыт» ЖШС-ке 6 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Бұған дейін елордалық тұтынушылар өтініштері негізінде Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Нұр-Сұлтан бойынша департаменті «Астанаэнергосбыт» ЖШС-ке қатысты Кәсіпкерлік кодексі талаптарының сақталуына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізген болатын. Жоспардан тыс тексеру барысында Кәсіпкерлік кодексінің нормаларын бұзу фактілері анықталды, – дейді Ұлттық экономика министрлігі.
Осылайша, «Астанаэнергосбыт» 2021 жылғы қараша, желтоқсанда және 2022 жылғы қаңтарда тұтынушыларға орташа тәуліктік есептеу бойынша көрсеткіштер қойған. Ал тұтынушылар тұтынылған электр энергиясы үшін ақыны коммерциялық есепке алу аспаптарының нақты көрсеткіштері негізінде төлеуі тиіс.
«Нәтижесінде, «Астанаэнергосбыт» ЖШС-ке қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 167-бабы бойынша 6 126 000 теңге көлемінде айыппұл көздейтін хаттама толтырылды», – делінген ақпаратта.
Сонымен қатар Табиғи монополияларды реттеу комитеті заң бұзушылықтарды жою туралы орындалуға міндетті нұсқама шығарды. Онда электр энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарының нақты көрсеткіштері бойынша тұтынушыларға қайта есептеу жүргізу көзделген. Алайда «Астанаэнергосбыт» әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен келіспей, материалдарды елорданың Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына қарауға беру туралы өтініш жасады.
Осыған дейін «Астанаэнергосбыт» ЖШС-ке жоспардан тыс тексеру жүргізілетіні белгілі болды.