Атырауда жиһаз компаниясына ақша аударған 65 адам алданып қалып отыр
Салонның жарнамасы әлеуметтік желіде әлі де жер жарып тұр
Атырауда жарнамасы жер жарған жиһаз компаниясы тұтынушыларды тақырға отырғызып кетті. Жақсы жеңілдік пен қосымша сыйлық береміз дегенге алданғандардың саны қазір 65 адамға жетіп отыр.
Жиһаз компаниясына жұрт 700 мыңнан 4 млн теңгеге дейін салған. Ондағылар «жиһазды 45 күнде жасап береміз» деп уәдені үйіп-төккен. Сөйтіп ақшаны алғанша жұрттың асты-үстіне түскен компания өкілдері арада 6 ай өтсе де жиһазды жасап бермек түгіл, сөйлесуден қашып жүрген көрінеді.
4 млн 310 мың теңгені бөліп төлеуге рәсімдеп алғанмын. Одан кейін 7 ай болды, бала-шағамның аузынан жырып, бостан-босқа несие төлеп отырмыз. Бақтыгүл «мен ақшаны алған жоқпын» дейді, бірақ банк солардың счетына ақшаның аударылғанын шығарып берді. «Анау алып қашып кетті, мынау алып қашып кетті» деген сылтаулармен қаша береді, - дейді қала тұрғыны Гүлмира Макиева.
Ал келесі тұрғын Гүлфара Тәзікеннің айтуынша, компанияның бас директоры Мұрат Тұрлыбеков деген азамат екен. Ал жеке кәсіп оның әйелі Бақтыгүл Тұрлыбекованың атында.
Бұл кісінің алаяқтық системасын түсіндік. Бәрімізде әртүрлі директор. Яғни ақшамызды алып алады да «директор қашып кетті» деген сылтау айтады, - дейді ол.
Қарапайым халықты зар қақсатқан жиһаз салонының жарнамасы әлеуметтік желіде әлі де жер жарып тұр. Бірақ алданған тұрғындар барған кезде кеңсенің де, цехтың да есігі құлыптаулы тұрады екен. Тілшілерге телефон арқылы жауап берген басшысы «цехқа жауапты адам өзімді алдап соқты» деп тапсырыс берушілерге берген сөзін қайталаған.
Бір жарым жыл бұрын Ресей азаматы Владимир Максимов дегенді директор етіп алғанмын. Ол көп клиентті алдап, жиһаздарды орнатпай, тамыз айында түнде менің көлігімді мініп, қашып кетті. Мен іздеп те бардым. Қазір тапсырыс берушілердің қаржысын қайтарып беру үшін үйімді, пәтерімді, көлігімді сатуға тура келді. Компания жұмысын жалғастырып жатыр, - деді «Астана» телеарнасы тілшісінің сұрағынан жалтармаған Мұрат Тұрлыбеков.
Оның айтуынша, бұрынғы қызметкерінің кесірінен 65 атыраулық 35 миллион теңге шығындаған. Оның жартысынан көбін қайтардым деп отыр. Ал полиция алаяқтық бабымен іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.