Halyq Uni логотип
×

Аршалы ауданында мектеп аспаздары 2 айдың жалақысын алмаған

1-сынып оқушылары мен аз қамтылған балаларға ыстық тамақ берілмейді

 Еркеғали Болатұлы 07.12.2022 | 12:33
Аршалы ауданында мектеп аспаздары 2 айдың жалақысын алмаған
фото: ашық дереккөз

Ақмола облысының Аршалы ауданындағы мектептің аспаздары екі айдан бері жалақы ала алмай жүр. Жұмыс беруші күнде «ертең беремін» дейтін көрінеді.

Кәсіпкер тіпті аспаздарға еңбек шартын да бермеген. Енді олар несие мен балабақшаның ақшасын төлейін десе, айлығы жоқ.

Қазан, қараша айы аяқталып, желтоқсан басталды ғой. Біз ол кісіден айлықты сұрағанда, «оның счеты блокта жатыр» деді, - дейді Жалтыркөл ауылының тұрғыны Айгүл Мұқанова.

Сондай-ақ оқушылар тамақ ішетін асхананың былығы көп екен. Айтуларынша, тамаққа қажетті азық-түлікті аспаздардың өздері алатын көрінеді. Жеке кәсіпкер Санат Тұрлыбеков оның қаржысын төлеуге келісім берген. Бірақ оның бәрі әншейін сөз жүзінде қалыпты. Ал «Астана» телеарнасының тілшілері хабарласқанда, ол аспаздардың жалақыларын енді төлегелі жатқанын айтқан.

Бұл мәселеден Аршалы ауданының басшылары хабардар. Ондағылар кәсіпкермен жеке сөйлесіп, уәдесін алған. Өйткені өздері жеке кәсіпкерге қаржыны толық аударған.

Маған берген есеп бойынша, аудан бойынша 1-сыныпты тамақтандыру – 12 896 950 мың теңге. Ал аз қамтылған отбасыларға қатысты айтсақ, 9 мектеп бар, соған 22 732 430 теңге бөлінді, - дейді аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айболат Құсайынов.

Алайда аспаздар сол бюджет қаржысы дұрыс жаратылмай отыр деседі. 1-сынып оқушылары мен аз қамтылған балаларға ыстық тамақ берілмейтін болып шықты. Сондықтан аудан билігі мәселені бақылауда ұстайтындықтарын уәде етіп отыр.

Айта кетсек, кеше жеке кәсіпкердің аспаздарға қазан айының жалақысын аударғаны хабарланған. Ал қарашаның жалақасын қашан беретіні әзірге белгісіз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама