×

2023 жылы жәрдемақы мөлшері қалай өзгереді

«Алтын алқа», «Күміс алқа» алған әйелдерге ай сайын 22 080 теңге төленеді

 Айгерім Таубай 06.12.2022 | 12:38
Коллаж Halyq Uni

2023 жылға ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) жаңа мөлшері бекітілді. Осыған байланысты келесі жылы жәрдемақы мөлшері қалай өзгеретінін Halyq Uni материалынан оқыңыз.

2023 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 567 теңге болады. Айлық есептік көрсеткіш 3 450 теңгені құрайды. Қазақстанда ең төменгі жалақы 70 мың теңгеге жетеді. Осыған байланысты зейнетақы, жәрдемақы мен әлеуметтік төлем мөлшері де артады.

БАЛА ТУҒАНДА ЖӘНЕ БАЛА КҮТІМІНЕ БЕРІЛЕТІН ЖӘРДЕМАҚЫ

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, бала тууға байланысты берілетін бір реттік жәрдемақының бекітілген мөлшері:

  • бірінші, екінші және үшінші балаға – 38 АЕК немесе 131 100 теңге;
  • төртінші және одан кейінгі балаға – 63 АЕК немесе 217 350 теңге.

Ал отбасыда егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, бір реттік мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке төленеді.

Бала күтіміне байланысты сәби бір жарым жасқа толғанша ай сайын төленетін жәрдемақы мөлшері:

  • бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 19 872 теңге;
  • екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 23 495 теңге;
  • үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 27 083 теңге;
  • төртінші және одан да кейінгі балаға – 8,9 АЕК немесе 30 705 теңге.

Декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек. Ол былай есептеледі: соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысты 24 айға бөліп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентке көбейтіп, одан шыққан сомадан 10% зейнетақы жарнасын алып тастау керек.

Мысалы, әйел кейінгі екі жылда 5 100 000 теңге табыс тапты. Бұл соманы 24 айға бөлу керек: 5 100 000/24= 212 500 теңге.

212 500 теңге – әйелдің ай сайынғы орташа кірісі.

Енді осы көрсеткішті 0,4 коэффициентке көбейтеміз: 212 500*0,4 = 85 000 теңге.

Одан 10% зейнетақы жарнасын шегереміз, бұл 8 500 теңге, сонда айына 76 500 теңге қалады.

Яғни, бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы жәрдемақы – 76 500 теңге.

КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРҒА БЕРІЛЕТІН ЖӘРДЕМАҚЫ

2023 жылы төрт және одан да көп баласы бар отбасыға төленетін жәрдемақы мөлшері:

  • 4 балаға – 16,03 АЕК немесе 55 304 теңге; 
  • 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 69 138 теңге;
  • 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 82 973 теңге;
  • 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 96 807 теңге;
  • 8 балаға – 32 АЕК немесе 110 400 теңге;

Сегіз баладан көп баласы бар отбасыларға одан кейінгі әр бала үшін 4 АЕК-тен (13 800 теңге) қосылады.

Мысалы, 9 балаға 36 АЕК (124 200 теңге), 16 балаға 64 АЕК (220 800 теңге).

«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқа алған көпбалалы әйелдерге 2023 жылы ай сайын 6,4 АЕК немесе 22 080 теңге мемлекеттік жәрдемақы төленеді. 

Ал 2023 жылы мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-анаға, қамқоршыға төленетін жәрдемақы мөлшері 56 794 теңге болып бекітілді.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері артады. Ол туралы мына жерден оқуға болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама