Туристік агенттіктің басшысы тұтынушылардың ақшасымен қашып кетті
Тергеуші істі тоқтату туралы шешім қабылдаған
Атырауда туристік агенттікке алданып қалғандар прокуратура алдында шу шығарды. Бұл ретте жазғы демаласын теңіз жағасында өткізуді жоспаралағандар «Инфинити тревал М» компаниясынан жолдама сатып алған. Алайда жеме-жемге келгенде ақша жинап алған басшы ізім-ғайым жоғалыпты.
30-ға тарта тұрғынның 30 миллиондай теңгегесін жымқырған агенттік басшысына қатысты істі жауапты органдар аяғына жеткізбей, жауып тастаған көрінеді. Ал прокуратура өкілдері бұл істің қайта тергеуге жіберілгенін мәлімдеді.
Туристік агенттіктің менеджерлері хабарласып, жаман жаңалық айтты. Яғни біз ешқайда бара алмаймыз. Ақшамызды ала алмаймыз. Сол мекеменің басшысы Нам Марта деген кісі Алматыда қашып жүр деп айтты. Енді біз сол уақыттан бастап 26 тамызда полицияға арыз жаздық, - деді жәбірленуші Ерназар Құсайынов КТК телеарнасына берген сұхбатында.
Жәбірленушілердің кейбірі «Инфинити тревал М» серіктестігінің тұрақты тұтынушысы болыпты. Тіпті бұған дейін бірнеше рет шетелге жолдама алып, саяхаттап келген. Сондықтан жазғы демалысының шырқы бұзылып, алданып қаламыз деп еш күманданбапты.
Дәл осы туристік агенттікпен бұрын да демалып келгенбіз. Бұл жолы отбасымызбен миллион теңгеден аса қаржы жұмсап, қызметін алғанбыз. Алайда алданып қалдық. Құзырлы органдарға арыз жаздық. Бірнеше айдан бері тексеріп жатыр еді. Енді істі жауып тастады дегенді естіп отырмыз. Халықтың қаржысын қалтасына басқан алаяқтар неге жауапсыз қалады? - дейді келесі жәбірленуші Мәдина Мырзахметова.
Ал Атырау прокуратурасының бөлім прокуроры Хакімбек Атадусовтың айтуынша, тергеуші істі тоқтату туралы шешім қабылдаған. Енді қала прокуратурасы аталған істі зерделеп, тергеушінің тоқтату туралы қаулысының күшін жойып, қосымша тергеп-тексеруге жолдап отыр.