Halyq Uni логотип
×

Жекешелендіру: Қаржы министрі нысандарды жоспарға сай сатып үлгермеген өңірлерді атады

Биыл жоспарға сәйкес 295 нысан сатылуға тиіс

 Дәурен Ерболат 06.12.2022 | 10:27
Жекешелендіру: Қаржы министрі нысандарды жоспарға сай сатып үлгермеген өңірлерді атады
фото © Нұрдәулет Әбікеев

Жыл басынан бері Қазақстанда 86 млрд теңгеге 36 нысан сатылды. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкімет отырысында министр жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының орындалу барысы туралы баяндады.

Биыл 1 желтоқсандағы жағдай бойынша: сомасы 86,1 млрд теңге болатын 36 объекті бәсекелес ортаға берілді, 32-сі қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді, 146 объекті сауда-саттықта тұр. Кешенді жоспар объектілерінің 80%-іне жуығын сауда-саттыққа шығаруды қамтамасыз ету үшін жыл соңына дейін тағы 81 объектіні сатуға шығару қажет, – деді Ерұлан Жамаубаев.

Ол қыркүйек және қарашада бұл мәселе бойынша арнайы жиналыс өткізіп, қажетті іс-шараларды жеделдету бойынша тиісті тапсырмалар бергенін атап өтті.

«Олардың нәтижесі бойынша мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталына жаңадан енгізілген 13 объекті бойынша жол карталары енгізілді, сондай-ақ коммуналдық меншіктегі және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың 24 объектісі бойынша жол карталары өзектендірілді. Бұған дейін бұл объектілерді сатуға шығару мерзімдері айқындалмаған», – деді вице-премьер.

Сонымен қатар жақында Қазақстан қор биржасында және Астана халықаралық қаржы орталығының биржасында IPO арқылы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының акцияларын орналастыру процесі басталған.

«Негізінен өңірлер мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының көбісі кешенді жоспар объектілерінің 80%-ін сатуға шығарған. Бұл ретте жекелеген өңірлер мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар объектілерді сатудың 90-100%-ін қамтамасыз етті. Бұл Қарағанды, Абай және Ұлытау облыстары, сондай-ақ «Көкше», «Тобыл», «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары», – деді Ерұлан Жамаубаев.

Ерұлан Жамаубаев 7 өңір мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары көзделген көрсеткішке сәйкес дер негізінде нысандарды сатуға шығарып үлгермегенін атап өтті.

Ең төменгі көрсеткіштер Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында, «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында байқалады, - деді вице-премьер.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама