Әлеуметтік корпорациялар бюджет ақшасынан пайда көрген
ӘКК басшылығы қаражатты банктегі депозиттерге салып отырған
Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары бюджет қаражатын банктерге депозитке салып, пайда көріп келген. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов айтты.
Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың көпшілігінің пайдасынан гөрі зияны көп. Өйткені ол негізінен банктердегі депозиттерге салынған бюджет қаражаты бойынша пайыздардың есебінен, сондай-ақ балансқа берілген мемлекеттік мүлікті сатудан құралады. Мәселен, «Shymkent» ӘКК акцияларын төлеуге кадастрлық құны 2 млрд теңге болатын 70 жер учаскесі (200 гектар) берілді. Оның ішінде 29 жер учаскесі (36,7 гектар) кейіннен кәсіпкерлік субъектілеріне 5,89 млрд теңгеге қайта сатылды, – деді агенттік төрағасы.
Оның айтуынша, 2019-2021 жылдары әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың банктердегі депозиттер бойынша пайыздар сомасы («Түркістан», «Ертіс», «Алматы», «Байқоңыр», «Тобыл», «Жетісу» және «Shymkent») 4,4 млрд теңгеге жетті. Ал жалпы пайда 5 млрд теңге болды. ӘКК-нің қызметі заң жүзінде реттелмеген. ӘКК-нің жетекшілері облыс әкімі тарапынан тиісті бақылау болмаған соң, жеке басының пайдасын ойлап, қасақана қылмыс жасап отырған.