×

451 млн теңге: «Қазақстан халқына» қоры Қаңтар оқиғасында зардап шеккендерге төлем жасай бастады

Қаңтар оқиғасы кезінде күштік құрылымдардың 19 қызметкері қаза тауып, 106 адам жарақат алды

 Ербол Тұрымбет 05.03.2022 | 21:54
фото © Әсет Құндақбаев

«Қазақстан халқына» қоры Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан күш құрылымдары қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне материалдық төлем аудара бастады.

«Қаза тапқан 19 және ауыр жарақат алған 106 ІІМ, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметшілері және қорғаныс министрлігі мен Республикалық ұланның әскери қызметшілерінің отбасына төлем жасала бастады», - делінген қор сайтында жарияланған ақпаратта.

Төлемдер органдардан алынған ресми тізім негізінде жүзеге асырылады. Бұл санаттағы зардап шеккендерге арналған төлемнің жалпы сомасы 451 миллион теңге.

Еске салсақ, бұған дейін қамқоршылық кеңес Қор басқармасына қаза тапқан және ауыр жараланған әскери қызметкерлердің отбасыларына, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлеріне төлем жасауды тапсырған болатын.

Сондай-ақ, кеңес құзырлы органдарға кездейсоқ көз жұмған қарапайым халық қазасының мән-жайын анықтауды тапсырды. Олардың тізімін адам құқықтары және бала құқықтары жөніндегі уәкілдер қорға ұсынған болатын.

Қор уәкілетті мемлекеттік органдардан тиісті ресми мәліметтер алғаннан кейін осы санаттағы қаза болғандардың туыстарына төлемдерді жүргізуді бастайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама