Halyq Uni логотип
×

Көкшетауда жұрттың есепшотынан жәрдемақы мен зейнетақылар ұрланып жатыр

Алаяқтардың арнайы есепшоттың құпия дерегін қайдан алғаны белгісіз

 Еркеғали Болатұлы 03.12.2022 | 10:38
Көкшетауда жұрттың есепшотынан жәрдемақы мен зейнетақылар ұрланып жатыр
фото: yandex.kz

Алаяқтар енді жәрдемақыға ауыз сала бастады. Көкшетауда мүгедектер мен көпбалалы аналардың әлеуметтік төлемін әлдекімдер есепшотынан қағып әкеткен. Азын-аулақ ақшаға қарап отырған отбасылар құпия деректің қалайша жария болғанын түсіне алмай дал. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Банк пен полиция арасында 6 ай бойы сенделген жұрт балаларды несібесінен айырғандар әлі ұсталған жоқ дейді. Сөйтсе, арнайы есепшоттағы ақшаны күдіктілер Қарағанды қаласында отырып ұрлапты. Полиция олардың ізіне түскенмен, әлі нәтиже жоқ. Бұл ретте тұрғындар мемлекеттен берілетін арнайы есепшоттағы жәрдемақының қорғалмайтынына наразы.

Онкологиялық сырқатым бар. Мүгедекпін. Маған дәрігерлер психологиялық-эмоционалдық тыныштық керек деген. Қайдан тыныш ұйықтаймын?! Менің жәрдемақымды 1 мың, 10 мың, 20 мың теңгеден бөліп-бөліп алыпты, - дейді III топтағы мүгедек Марина Чернявская.

Алаяқтардың құрбаны болғандардың арасында бала туғаны үшін берілген 484 мың теңгесінен айрылған жас ана да бар. Оның ақшасы маңғыстаулық азаматтың есепшотына түскен. Полиция күдіктілерді әлі іздеп жатыр екен.

Көкшетау қалалық полиция басқармасына 5 адамнан арыз түсті. Барлығының арнайы есепшоттарынан басқа адамға ақша аударылған. Алаяқтық бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, күдіктілер анықталмаған соң іс тоқтатылған. Қыркүйек айынан бастап іс қайтадан қозғалды. Іздеп жатырмыз, - деді Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің өкілі Әсем Әбдірахманова.

Зардап шеккендердің ішінде жәрдемақысын ғана емес, зейнетақысын жоғалтқандар да бар. Әлеуметтік сала басшылары да, банк өкілдері де төлем әрбірінің есепшотына жіберілгеннен кейін ақшаның қайда кеткеніне жауап бермейміз дейді. Бірақ алаяқтардың арнайы есепшоттың құпия дерегін қайдан алғаны белгісіз. Ең қызығы, әлеуметтік төлемнің тиісті жеріне жетпегені жауапты орындарды да ойландырмай отыр. Зардап шеккендер бұдан да көп болуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама