Қостанай облысы әкімдігі бір шыршаға 9 млн теңгеге жуық ақша бөледі
Желтоқсанның үшінші жартысында Астанада бас шыраны жағу рәсімі өтеді. Жаңа жылдық Басты шырша EXPO аумағында орнатылатын болады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Биыл жаңадан құрылған Ұлытау облысының әкімдігі Жаңа жылды мерекелеуге арналған іс шараларды өткізу мен ұйымдастыру мақсатында 4 млн теңге бөлуді жоспарлап отыр. Әкімдіктің ақпаратына сәйкес, бұл сомаға бас шыршаның безендірілуі мен жағу салтанаты, концерттік бағдарламалар, ойындар мен байқаулар ұйымдастыру кіреді.
Шығыс Қазақстан облысы биылғы жылы қоғамдық мәдени-бұқаралық іс-шаралардың ішінде Жаңа жылдық мерекені өткізуге қаражат қарастырылмағанын айтады. Өскемен қаласы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, облыс орталығында орнатылатын бас шырша 2018 жылы сатылып алынған. Осы шырша жыл сайын орталық алаңда орнатылып келеді.
«Биылғы жылы да осы шыршаны алаңға орнатып, алдыңғы жылдары сатып алынған ойыншықтармен безендірілетін болады. Сонымен қатар 2022 жылы шыршаны безендіруге бюджет есебінен қаражат қарастырылмаған», – деп жауап берді облыс әкімдігі редакцияның ресми сауалына.
Естеріңізге сала кетейік, таяуда Halyq Uni Жаңа жылда балаларға сыйлық үлестіретін өңірлерге шолу жасаған еді.
Қостанай облысының әкімдігі орталығында жағылатын бас шыршаға 8,8 млн теңге қарастырылғанын мәлімдеді. Бұл сомаға шыршаны жеткізу, орнату, ресімдеу және бөлшектеу көзделіп отыр.
Биыл қаңтар оқиғасы кезінде Шымкент қаласының Қаратау ауданында орнатылған жаңажылдық шырша өртенген болатын. Биыл бюджеттен жаңа шырша сатып алу көзделіп отыр.
«2022 жылдың қаңтар айындағы оқиғаларға байланысты, Шымкент қаласы Н.Назарбаев даңғылында орналасқан Шымкент қаласы Қаратау ауданының мерекелік безендіру конструкцияларының бірқатар бөлігі бүлікшілердің қолынан өртеніп, бүлінген және жойылған. Соның салдарынан, Жаңа жылдық безендіруге арналған конструкциялар бүлініп, безендіру үшін мерекелік жаңа элементтерін жасау қажеттілігі туындады», – делінген жауапта.
Қазір Қаратау ауданы әкімінің аппараты мен «Қарағанды Көркем» ЖШС арасында аудан аумағындағы мерекелік безендіру жұмыстарына жалпы 73 750,0 теңгеге келісім шарт жасалды.
«Оның ішінде, қоршауы бар шыршаны орнату және монтаждау жұмыстарына 12 000,0 теңге, Жаңа жылдық кіші архитектуралық пішіндерге 5 000,0 теңге қарастырылған», – деп қосты әкімдік.
Батыс Қазақстан облысында жаңажылдық кешке қызу дайындық жүріп жатыр. Атап айтқанда әкімдік 31 желтоқсан күні сағат 20.00-22.30 аралығында Орал қаласының жаңа алаңында жаңа жылдық шоу бағдарламасын өткізу жоспарлап отыр. Алайда оған бюджеттен нақты қанша қаржы жұмсалатыны әзірге айтылмады.
«Жаңа алаңдағы бас шыршаны орнатуға және безендіруге, жаңа жылдық шараларды өткізуге Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі казіргі уақытта мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізуде. Нақты жұмсалатын қаражат конкурстың рәсімдер аяқталғаннан соң белгілі болады», – деді БҚО әкімдігі.
Абай облысы жаңа жылдық мәдени іс шараларды өткізуге 13 млн теңге бөлінеді дейді. Сондай ақ облыста екі шыршаныны орнатып, безендіруге және жинауға 5,5 млн теңге карастырып отыр.
Сондай ақ биыл Алматы облысының орталығы Қонаев қаласы бойынша Жаңа жылдық бас шыршаны орнатуға және оны безендіруге қаражат қарастырылмаған екен.
Алматы қаласы әкімдігі Жаңа жылды мерекелеу бойынша қаланы көркемдік безендіруге мемлекеттік сатып алу порталында ашық конкурстар жарияланды.
«Қазіргі таңда барлық конкурстар бойынша әлеуетті жеткізушілердің құжаттарын қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Жаңа жылдық шыршаға жұмсалатын қаражаттың сомасы конкурс аяқталған соң әлеуетті жеткізушілердің ұсынған бағасына сәйкес болады», – деді Алматы қаласының мәдениет басқармасы.
Өңірлердің ішінде Жаңа жылға қызу дайындалып жатқандардың бірі Астана қаласы. Белгілі болғандай, елордада қаланың жаңа жылдық безендірілуіне қаржыландыру жергілікті атқарушы органның бюджетінен және демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылады. Алайда әкімдік бюджеттен қанша сома бөлінетінін ашып айтпады.
«Жаңа жылға аудандарды безендіру жұмыстары аяқталғаннан кейін ғана, мерекеге жұмсалған барлық сома белгілі болады. Себебі, кейбір аудандық аппараттар жеке ашық конкурстар өткізетін болса, басқалары мердігерлерге орындалған жұмыстар актісі негізінде дизайн және т.б. жұмыстарға жауапты бөлімге бөлінген қаражаттан төлейтін болады. Жаңа жылдық безендіруге байланысты аудандық аппараттардың ойнатылған лоттары бойынша ақпарат, шарт және техникалық ерекшелік мемлекеттік сатып алу порталындағы ашық көздерде бар», – деді Астана қаласы әкімдігі.
Бұған қоса, басқарма ауданның безендірілуіне қатысты бір лот бірнеше атаулы күндерге ойнатылуы мүмкін екенін атап өтті. Мысалы, бір конкурс бойынша қаражат ұлттық, мемлекеттік мерекелерге аудандарды безендіруге, сәндік шағын архитектуралық формаларын жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына, шетелдік қонақтардың келуіне байланысты ресімдеуге, баспа қызметтеріне (баннерлерді басып шығару, шағын архитектуралық формаларын дайындау, бүлінген жағдайда ауыстыру немесе қалпына келтіру) және т. б. бөлінуі мүмкін.
Сонымен қатар, биыл қала көшелерін жаңа жылдық безендіру үшін былтырғы гирляндаларды, инсталляцияларды және басқа да әшекейлерді пайдалану жоспарланып отыр.
«Қазіргі уақытта жаңа жылға арналған аудандарды безендіру тұжырымдамалары мен жоспарлары әлі бекітілген жоқ. Мұз қалашықтарын, мұз айдындарын, слайдтарды, тақырыптық шағын архитектуралық формаларын жайластыру, қасбеттер мен ағаштарға сәндік жарықтандыруды қосу, шыршаларды безендіру жоспарлау және талқылау сатысында. Қысқы демалысқа арналған қоғамдық кеңістіктер тақырыптық шағын архитектуралық формалармен және өткен жылдардағы жарық қондырғыларымен безендірілетін болады», – деп қосты әкімдік.
Сонымен қатар, әкімдіктің мәліметінше Жаңа жылдық Басты шырша EXPO аумағында орнатылатын болады. Негізгі шыршаны жағу желтоқсанның үшінші онкүндігіне жоспарланған. Бұдан басқа, Бараев көшесі бойындағы қоғамдық кеңістікте, «Қазақ елі» монументінің алаңында, Ақбұлақ өзенінің жағасында, Оқушылар сарайының жанында, Президент саябағында, «Жерұйық», «Көктал» саябағында, Есіл өзенінің жағасының оң жағында және де төмендегі тұрғын алаптарда шыршалар қою жоспарлануда: Мичурино, Интернациональный, Теміржолшылар, Промышленный, Лесозавод, Үркер, Көктал-2 және т.б. Сондай-ақ, Бейбітшілік көшесіндегі қалалық алаңда өсіп тұрған шыршаны безендіру көзделіп отыр.