Оралда театр актерлары қызметтік үйін арзанға жекешелендіріп алған
Олардың заңсыз әрекеті бюджетке 10 млн теңгеден аса залал келтірген
Оралда бірнеше театр актеры мен ревизор қызметтік баспананы тым арзан бағаға жекешелендіріп алған. Олардың мұндай олжаға кенелуіне қала әкімдігі қызметкерлерінің көмегі тиіпті. Облыс орталығындағы бұл былықты «Әділдік жолы» РҚБ облыстық филиалының басшысы Бауыржан Ахметжан әшкерелеп отыр.
Қоғамдық ұйым өкілдері бұл мәліметті әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Олардың жазуынша, 2022 жылдың 14 ақпанында Орал қаласы Тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөліміне қызметтік тұрғын үйлерге қатысты сауал жолдаған. Алайда әкімдіктегілер «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңға сілтеп, мәлімет беруден бас тартқан. Яғни, бұл мәліметтердің ашық деректерге жататынына, бюджет қаражатына салынғанына қарамастан кімге қаншаға берілгені мен мекенжайы туралы ақпаратты заңсыз жасырған.
Филиал өкілдерінің жазуынша, алдымен оларға әкімдіктің аталған бөлімінің лауазымды тұлғалары үйді жекешелендіріп алғандармен түрлі заңбұзушылыққа барған деген мәлімет түседі. Дәлірек айтқанда, жекешелендіру кезінде тұрғын үйлердің қалдық құны әдейі төмен есептелген.
Мысалы, Оралдағы Н.Назарбаев даңғылы 233 үйдегі бір пәтердің қалдық құны шамамен 30%-ға арзан есептеліп, оны иемденген адам бюджетке 7 176 000 теңге төлемеген.
Сол секілді, Жаңа-Орда шағын ауданы 25, Ружейников көшесі 12, Әбілхайыр хан даңғылы 157, Жәңгір хан көшесі 18/1 мекен жайларындағы мүліктердің қалдық құнын шығаруда да осындай өрескел заң бұзушылықтар болған.
Үйді жекешелендіру және оны комиссияда шешу толық заңды жолмен жүргізілмегендіктен мемлекетке шығын келген. Ал осы деректің бәрін тексерген БҚО Ішкі мемлекеттік аудит департаменті 2022 жылдың 25 мамырында барлық қызметтік баспананың қалдық құны 10 784 400 теңгеге кем есептелгенін анықтапты.
Оның ішінде бүгінге дейін екі үйдің иесі 7 176 000 теңге және 1 082 000 теңгесін бюджетке қайтарған.
Алайда өздігімен бюджетке қайтармаған үш адамнан 784 800 теңге, 959 300 теңге және 782 100 теңге өндіру туралы талап арыз қазір сотта қаралып жатыр.
Айта кетейік, жарияланған құжаттарға қарағанда, қаражатты өздігімен қайтармаған үшеу БҚО облыстық қазақ драма театрының актерлары, ал ақшасын қайтарғандардың бірі БҚО бойынша қаржылық бақылау инспекциясының бас бақылаушысы – ревизор болып шықты.
Ал, бұл заңбұзушылықтарды жіберген әкімдік бөлімінің сектор меңгерушісі Ерлан Шайхиевке және басқаларға қатысты іс Әдеп кеңесіне жолданған.
Қоса кетерлігі, қоғамдық бірлестіктің осы облыстағы өкілдері қызметтік пәтерлер бойынша Антикор арқылы әкімдіктен толық жауап алғандарын жариялады. Оралда 147 қызметтік пәтер бар болса, оның ішінде 51-і 2017-2021 жылдары мынадай мемлекеттік қызметкерлерге берілген: 12 – әкімдік, 8 – полиция, 7 – прокуратура, 6 – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, 6 – сайланбалы қызмет, 4 – өртке қарсы қызмет, 3 – судьялар, 3 – экономикалық тергеу, 2 – арнаулы орган. Жалпы, соңғы бес жылда 65 қызметтік пәтер жекешелендірілген.