Олардың қатарында 1 вице-министр, 1 қала әкімі және облыстық басқармалардың 11 жетекшісі бар
Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектеновті қабылдады.
Президентке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің биылғы атқарған жұмысының нәтижелері және резонанс тудырған қылмыстық істердің тексерілу барысы туралы есеп берілді.
Ұсынылған деректерге сәйкес 2 айдың ішінде 240 адамның, оның ішінде республикалық және облыстық деңгейдегі 40 басшының сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар екені әшкереленді. Олардың қатарында 1 вице-министр, 1 қала әкімі және облыстық басқармалардың 11 жетекшісі бар. Келтірілген шығынның орнын толтыру үшін күдіктілердің құны 5,4 миллиард теңге болатын мүлкіне тыйым салынды.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев Олжас Бектеновке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыруға және сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.
25 ақпанда Олжас Бектенов Антикор басшысы болып тағайындалды. Ол бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.