Атыраулық шенеуніктер көпбалалы отбасыларға тиесілі 330 млн теңгені жымқырған

Еркеғали Болатұлы

Тұрғын үй әлі пайдалануға берілмеген

фото: Нұрдәулет Әбікеев

Атырау облысында шенеуніктер көпбалалы отбасыларға арналған үйді салу кезінде 330 миллион теңгеге атқарылған жұмыстар туралы актіге қол қойған. Алайда шын мәнінде ештеңе істелмеген, деп хабарлады «Мой ГОРОД» порталы.

Исатай ауданына іссапармен барған Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Ерлан Досанов Аққыстау ауылында анықталған заң бұзушылық туралы айтты.

Ол жерде 60 пәтерге шақталған үш қабатты тұрғын үйдің құрылысы кезінде мемлекеттік бюджет қаржысын жымқыру фактісі анықталды. Исатай ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары атқарылған жұмыстар туралы жалған актіге қол қойған. Бұл дегеніміз, тапсырыс беруші ақшаны төлеп қойған, ал үш тұрғын үй бойынша 330 миллион теңгенің жұмысы істелген жоқ, - деді Ерлан Досанов.

Тұрғын үй әлі пайдалануға берілмеген. Ал мердігер өзіне жүктелген міндеттерден босатылмады. Осыған байланысты департамент бюджет қаржысын жымқыруды болдырмау мақсатында облыс басшылығына хат жолдап, мердігерді бақылауға алуды талап етті.

Департаментке жауап келген. Оған сәйкес барлық кемшілік жойылғанмен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құрылыс нысанын пайдалануға беру барысын бақылауда ұстайды.