Halyq Uni логотип
×

«ҚазМұнайГазға» қатысты Бас прокуратураға шағым түсті

ҚМГ еншілес компанияларына екі сақтандырушының ғана қызметін пайдалануды тапсырған

 Ербол Тұрымбет 25.11.2022 | 17:02
«ҚазМұнайГазға» қатысты Бас прокуратураға шағым түсті
Коллаж: Halyq Uni

Жуырда IPO-ға шыққалы жатқан «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басы дауға іліккелі тұр. Ұлттық мұнай компаниясының үстінен президенттің атына, одан соң Бас прокуратура мен Бәсекелестікті қорғау агенттігіне шағым түсті.

Шағым мәтініне қарасақ, ҚМГ адам өмірін сақтандыру нарығында 5 жылдан бері тек «Халық Life» пен «Nomad Life» компанияларының қызметін тұтынып келген.

Компанияның еншілес және тәуелді ұйымдары сонымен қатар бір көзден сатып алу әдісімен 2020-2023 жылдары аталған екі компаниялның қызметін сатып алып жатыр.

Шағым иесі Фархад Жетестің жазуынша, сақтандыру қызметіне ҚМГ жыл сайын 2,6 млрд теңге бөліп отыр. Оны үнемдеу коэффиценті ары кетсе тек 300 млн теңгесін ғана қысқарта алады екен.

ҚМГ осы екі компаниямен ғана жұмыс істеу үшін әдейі солардың ыңғайына келетін талаптар тізіп қойған, делінген шағымда.  

Қазірдің өзінде ҚМГ-ға қарасты компаниялар әлгі екі сақтандырушымен 2023 жылға келісім жасау жөнінде «ұсыныс хат» алғаны айтылған.

Айта кетерлігі, бұған дейін ҚМГ өзіне қарасты компанияларға аталған екі сақтандырушымен ғана жұмыс істеуді тапсырып «ұсыныс хат» жазған. ҚМГ-ның бәсекелестікке қайшы осы әрекетіне қарсы шара қолданбай отыр деп «Евразия» өмірді сақтандыру компаниясы Бәсекелестікті қорғау агенттігін сотқа берген еді. Алайда ҚР-ның «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңының талаптары «Самұрық Қазына» АҚ-ның ішкі ережелеріне сай жүргізілетін тауарлар мен қызметтерді сатып алу шараларына жүрмейді. Сондықтан Агенттік бұл мәселеде «Самұрық Қазынаның» өзіне хабарласуды сілтеген. Нәтижесінде Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана) қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 2020 жылдың 24 желтоқсанында оның кесімді шешім емес екенін алға тартып, қанағаттандырмай тастаған.

Қазір ҚМГ-дың үстінен жазылған шағым бойынша Бас прокуратура мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі айналысып жатыр.

Halyq Uni редакциясы осы мәселеге қатысты «ҚазМұнайГаз» АҚ-дан ресми сауалға жауап күтеді.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама