Ұлттық экономика министрі зейнетақы жинағының шекті мөлшерін төмендетуге қарсы
Мәжіліс депутаты Қазақстанда зейнетақы жинағының шекті мөлшерін төмендетуді ұсынған
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров елімізде зейнетақы жинағының шекті мөлшерін төмендету мәселесі қарастырылмайтынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Мен бұған қарсымын. Себебі, зейнетақы жинағының бір бөлігін алудың бірінші толқынында есеп жүргізілді. Ондағы мақсат – белгілі бір жас санатын қамтамасыз ету үшін ай сайынғы зейнетақының ең төменгі шегін анықтау болды. Себебі, бұл ақша өмір сүруге жетуге тиіс. Әрине, зейнетақы жинағының жеткілікті шегін төмендету зейнетақыны алып қоюдың өсуін ынталандырады. Бұл болашақта зейнеткерлер үшін зейнетақы төлемінің жетпеу қаупін едәуір арттырады. Бюджетке қосымша салмақ түседі. Түрлі фактор әсер етіп, ол зейнеткерлердің жағдайына теріс әсер етеді», – деді министр Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Ұлттық экономика министрі бұл мәселе Үкіметте қарастырылмайтынын нақтылады.
Ол талқыланбайды. Менің ойымша, зейнетақы жинағының шекті мөлшерін төмендетсек, ол әлеуметтік тәуекелдерді туындатады. Себебі, ай сайынғы төлем өмір сүруге жетпейді, – деді Әлібек Қуантыров.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Қазақстанда зейнетақы жинағының шекті мөлшерін төмендетіп, инвестициялық табыстың бір бөлігін алуға мүмкіндік беруді ұсынған еді.