Мемлекеттік қызметкерлердің 30 млн теңгеден асатын қаржысын банк шотына сақтауы шарт

Еркеғали Болатұлы

250.00 нысаны бойынша активтер мен міндеттемелер туралы бастапқы декларация тапсыруға тиіс

фото: Halyq Uni

Келесі жылы жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі басталады. Оның аясында 10 мың АЕК мөлшерінен (30,6 млн теңгеден) асатын қолма-қол ақша банк шоттарына орналастырылуы шарт. Бұл туралы Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Instagram-дағы ресми парақшасында хабарлады.

Ведомство мәліметінше, келер жылы алғаш рет Алматыда мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың 100 мыңнан аса қызметкері мен олардың жұбайлары 250.00 нысаны бойынша активтер мен міндеттемелер туралы бастапқы декларация тапсыруға тиіс.

Бұл ретте мемлекеттік мекемелерге білім беру, мектепке дейінгі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және т.б. салалардағы мекемелер мен ұйымдар кіреді. Ал квазимемлекеттік сектор – мемлекет қатысушысы немесе акционері болып табылатын мемлекеттік кәсіпорындар, акционерлік қоғамдар, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ олармен үлестес болып табылатын еншілес, тәуелді және өзге де заңды тұлғалар.

Бастапқы декларацияда шетелде тіркелген мүлік пен активтерден басқа, заңды тұлғаның жарғылық акцияға қатысу үлесі, инвестициялық алтын, бағалы қағаздар және тағы басқа 10 мың АЕК-тен аспайтын (30 630 000 теңге) сомадағы қолма-қол ақша көрсетіледі. Ал артық сома 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін банк шоттарына орналастырылуға тиіс, – деп түсіндірді ведомство өкілі.

Сондай-ақ декларацияны eSalyq Azamat мобильді қосымшасы, электрондық үкімет порталы (eGov.kz), сондай-ақ салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyk.kz) арқылы беруге болатыны хабарланды.