Ақтөбеде оқушылардың жазғы демалысына бөлінген 10 млн теңге жымқырылды
12 күн демалуы тиіс оқушылар 7 күн ғана демалған
Ақтөбе облысының Алға ауданында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларының жазғы лагерін ұйымдастыруға бөлінген қаржының 10 млн теңгесі жымқырылды. Антикор білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Әділдік жолы» РҚБ Ақтөбе облыстық бөлімшесінің мәліметінше, Алға аудандық білім бөлімі өңірдегі әлеуметтік аз қамтылаған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан 300 оқушының жазғы лагеріне 16,800 млн теңге бөлген.
Биылғы жылдың 23 тамызда аудандық білім бөлімімен «Меда-Ақтөбе» ЖШС арасында ауданның аз қамтылған отбасы оқушыларын жазғы лагерьмен қамтамасыз ету бойынша келісімшарт жасалды.
«Келісімшартқа сәйкес, Алға ауданынан Ақтөбе қаласында орналасқан «Кәмпит» қала сыртындағы лагерьге 300 мектеп оқушысы баруы қажет еді, алайда белгісіз себептермен жоғарыда аталған лагерьге нақты барған балалар саны әлдеқайда кем. Дегенмен мемлекеттік сатып алу порталына жүктелген құжаттарға сәйкес, Алға аудандық білім бөлімімен аталған келісімшарт бойынша 300 балаға қаражат төленген», – деп хабарлайды қоғамдық бірлестік.
Аталған лот бойынша бекітілген техникалық ерекшеліктерге сәйкес, оқушылар кем дегенде 12 күн демалуы тиіс еді, алайда олардың 7 күн ғана демалғаны анықталды.
Сондай-ақ, лагерьмен тек аз қамтылған отбасы оқушылары қамтамасыз етілуі тиіс еді, алайда барған оқушылар тізімінде әлеуметтік осал отбасы қатарына кірмейтін оқушылар барған, - делінген «Әділдік жолы» мәлімдемесінде.
Қоғамдық ұйымның өтініші негізінде аталған мемлекеттік сатып алуға жүргізген аудит қаржылық және рәсімдік бұзушылықтар болғанын растады.
«Аудит нәтижелері бойынша жалпы сомасы 10 626,0 мың теңгені негізсіз төлеуге әкеп соқтырды материалда анықталған бұзушылықтар бойынша іс жүргізу шараларын қабылдау үшін Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне жіберілді», – делінген Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің хатында.
Қазір Антикор аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркеп, тергеу бастады.