Дәурен Абаев балалар неліктен тегін үйірмесіз қалғанын түсіндірді

Айнұр Шошаева

«Мойындау керек, бұл үлкен проблема» деді ол

фото: ашық дереккөзден

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Алматы облысындағы балалардың тегін үйірмелерге неліктен қабылданбағанына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Мойындау керек, бұл үлкен проблема. Балалар бұл үйірмелерге баруға тиіс. Біз оны қолдаймыз. Облыс бюджеті қабылданғанда 50 мың бала барады деп есептелген. Бюджетті мәслихат бекітеді. Қазір Алматы облысында балалар саны көп. Яғни, бала саны жоспарланған қаражаттан асып кетті, - деді Абаев.

Министр аталған мәселе қазір шешіліп жатқанын айтты. 

Атап өтсек, балалар омбудсмені Аружан Саин Алматы облысында 1 наурыздан бастап «Артспорт» жүйесіндегі кейбір секция мен үйірмені қаржыландыру тоқтатылғанын жазған болатын. Соңғы кезде Алматы облысының ата-аналары балаларына тегін секция әрі үйірмелерді қайтаруды талап етіп, әлеуметтік желіде жаппай жазба қалдыра бастады.