«Салған ақшаны қайтарып береміз деп қорқытады»: Ақтауда үлескерлер құрылыс аумағына жиналды
«Лепес» тұрғын үй кешенінің құрылысы 2017 жылы басталған
Ақтауда құрылысы 2017 жылы басталған тұрғын бес жылдан бері қолданысқа берілмеді. №16 шағын ауданда салынып жатқан «Лепес» тұрғын үй кешенінің барлық қабаты бой көтерген.
Алайда 2020 жылдан бері құрылыс компаниясы түрлі сылтау айтып, жұмысты толық аяқтамаған. Соған байланысты үлескерлер құрылыс алаңында жиналды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қала орталығында салынған 12 қабатты «Лепес» тұрғын үй кешенін салып жатқан құрылыс компаниясы үлескерлерді бірнеше жылдан бері сенделтіп қойған. 2017 жылы ақша төлеген ақтаулықтар баспана жақын арада берілмеуі мүмкін екенін айтады. Бастапқыда компания құрылысты 2019 жылы аяқтайтынын айтқан.
«2017 жылы 12 миллион теңге ақшаны «Лепес» тұрғын үй кешенінен пәтер алу үшін төледім. Келісімшарт бойынша енді үш миллион ақша төлеуім керек. Үнемі қалған ақшаны төлеу қажет екенін айтып хат жолдайды. Не үшін төлеймін? Үйдің құрылысын әлі аяқтаған жоқ. 2018 жылы аяқталды деген құрылыс қарқыны қазір басылған. Қалған ақшаны төлемесек, алғашқы салған қаржыны қайтарып береміз деп қорқытады. Отбасыммен бірге 2017 жылдан бері пәтерде тұрамыз. Оны ойлап отырған жоқ», - дейді үлескер Серік Өтешов.
Ақтаулық азамат бес жылдан бері ай сайын 150 мың теңгеге пәтер жалдап тұрып жатыр.
Үлескер Жанат Мүсірова да бұл тұрғын үйден үмітін үзген.
«Бізге үйді салып жатқан құрылыс компаниясының өкілдері пәтердің 60 пайызы сатылып кеткенін айтты. Бұл тұрғын үй кешенінде барлығы 250 пәтер бар. 3 бөлмелі үйге толық түрде ақшамызды 2018 жылы төледік. Енді үмітіміз үзілуге таяды. Құрылыс басында жұмыс істеп жатқан адамдар байқалмайды. Арасында бір-екі адамның қарасы байқалады. Соны видеоесеп ретінде бізге жіберіп отырады. Бізге компания өкілдері 2023 жылдың жазында беріміз деп отыр. Алайда біз оған сенбейміз. 4-5 жылдан бері құрылыс тоқтап тұр», - дейді Жанат Мүсірова.
Пәтеріне жете алмай жүрген ақтаулықтардың арасында зейнеттегі үлескерлер де бар.
«Компания басшылары инвесторды күтіп жүрміз дейді. Оның кім екенін сұрасақ, айтпайды. Бірі Алматыдан болса, екіншісі Атырау облысынан екен. Үлескерлер арасында үйін сатып, екі үйге қаржы салғандар бар», - дейді үлескер Болған Сембаева.
Құрылысқа жауапты «Лепес» ЖШС басшылығы компанияның қазір түрлі мәселеге тап болғанын айтады. Директор Ербол Орынбаев бұл қызметке екі жыл бұрын кіріскен.
«Расымен бізде біраз мәселе болды. Бірақ осының барлығын шешу үшін инвесторларды тартып жатырмыз. Бір-екі апта шамасында қаражат түсуге тиіс. 2023 жылдың жазына дейін құрылысты аяқтап, тұрғындарға пайдалануға береміз», - дейді «Лепес» ЖШС атқарушы директоры Ербол Орынбаев.
Жауапты мекеме бір жылға жуық уақыт ішінде құрылысты толық аяқтайтынын айтқанымен, үлескерлер бұл мәселеге құзырлы органдардардың араласқанын сұрап отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда жаңадан салынып жатқан тұрғын үйге қатысты дау шыққаны хабарланды. Әкімдік бастапқыда №17 шағын ауданында үй салуға рұқсат берген. Кейін жеке компания жүргізген құрылысты заңсыз деп таныған. Сот үкімі шыққан соң нысанның құрылысы тоқтатылды.
Мәдина Керімқұл, Маңғыстау облысы