Жоқ пәтерлерді жалға берген әйел ұсталды
Павлодарлық жедел уәкілдер Қазақстан қалаларында пәтерді ұзақ мерзімге «жалға берумен» айналысқан 27 жастағы қала тұрғынын құрықтады.
Әйел OLX сайтында жарнама жариялаған. Онда «крыша» бөлімінде тұрғын үйді жалға беру үшін қолайлы баға ұсынып, азаматтарды қызықтыру үшін интернеттен элиталық пәтерлердің фотосуреттерін пайдаланған. Хабарландыруға қоңырау шалған кезде басқа қалада іссапарда екенін айтып, картасына алдын ала төлем жасауды сұраған. Пәтерге қызыққан азаматтар алдын ала төлемді белгіленген карта нөміріне жіберген. Пәтер 10 мыңнан 60 мың теңгеге дейін болған. Алдын ала төлем алғаннан кейін ол байланысқа шықпай, WhatsApp мессенджері арқылы хат алмасқан, – деді Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Василий Скляр.
Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Қазір қыз қамауға алынды. Оның осыған ұқсас қылмыстарға қатысының бар-жоғы тексерілмек.