Жетісу облысы әкімдігінен миллардтаған теңгенің тапсырысы: жібек кілем, диван және газ құбыры
110 шақырымдық жолды жөндеуге 13 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған
Жуырда құрылған Жетісу облысы әкімі аппараты мен әкімдікке қарасты басқармалар соңғы айларда ірі көлемде бірнеше мемлекеттік сатып алуларға тапсырыс берді, деп хабарлайды Halyq Uni.
ЖІБЕК КІЛЕМ
Мәселен, «Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы 60 дана жібек кілем сатып алуға тапсырыс берген. Әлеуетті өнім беруші – жеке кәсіпкер Мухитдин Жубатханов. Шарттың бастапқы жоспарланған сомасы – 600 мың теңге. Бекітілген шарт құны – 301 728 мың теңге.
1 МЛН ТЕҢГЕЛІК ЭЛЕКТР ПЕШІ
Жаңа құрылған облыстың кей басқармалары кеңсе тауарлары мен жабдықтарын түгендеп жатыр. Осы негізде облыстық денсаулық сақтау басқармасы бірқатар қымбат жабдықтарға тапсырыс берген.
Мысалы, бір электр пешін алуға «Торговый Дизайн»ЖШС әлеуетті өнім беруші ретінде таңдалған. Шарт сомасы – 1 млн теңгеден асады. Алайда сатып алудың техникалық сипаттамасы болмағандықтан, пештің нақты сипаттамасын көру мүмкін емес.
Осы тәрізді аталған басқарма кеңсеге арналған екі диван сатып алуға тапсырыс берген. Бұл шарттың құны – 1,1 млн теңге. Ал екі теледидар сатып алуға 789 млн теңгеге, шаңсорғыш алуға 309 мың теңгеге кәсіпорындармен келісімшарт бекіткен.
ГАЗ БЕН ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР
Жетісу облысының мемлекеттік сатып алу тапсырыстарынан байқағанымыздай, өңірге газ тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатқанға ұқсайды. Биыл 17 қазанда Қаратал ауданының Үштөбе қаласында газ тарату желілерін және 4 БМҚ салу мақсатында Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен «Алия-Сервис» ЖШС-мен шарт бекіткен. Қосымша келісімде көрсетілгендей, шарт құны – 6,9 млрд теңге.
Сол сияқты Ескелді ауданының Екпінді ауылында таратылатын газ құбыры мен газ тарату желілерін салу бойынша келісім шарт құны – 197,1 млн теңге. Көксу ауданының Бесқайнар ауылындағы газ тарту жұмыстарына 284 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалмақ.
Облыстағы бюджеті ауқымды екінші сала – автомобиль жолдарын күтіп ұстау. Жетісу облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен «ЖОЛ» ЖШС 10 қарашада шарт бекіткен. Яғни, Жетісу облысына қарасты 110 шақырымдық «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» автомобиль жолын реконструкциялауға бюджеттен 12,7 млрд теңге қарастырылған.
Ал облыстың жалпыға ортақ пайдаланымдағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау бойынша аталған басқарма «Каздоринновация» ЖШС-мен келісім жасаған. Шарт сомасы – 634 млн теңгеден асады.
Бейбіт Өксікбаев басқаратын облыстың орталығы – Талдықорған қаласы. Жетісу облысының құрамына Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандары, Талдықорған, Текелі қалалары кіреді. Өңірде 667 мың халық бар.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін жаңадан құрылған Ұлытау мен Абай облыстарының әкімдіктерінің мемлекеттік сатып алу порталындағы тапсырыстарына шолу жасаған едік.