×

«Самұрық-Энерго» халықтың қолындағы акцияны неге үш есе кеміткенін түсіндірді

«Бұқтырма ГЭС» акцияларын ұлғайту мемлекеттік жоспарға керек болған

 Ербол Тұрымбет 11.11.2022 | 15:20
Коллаж: Halyq Uni

Шығысқазақстандық энергетика саласының ардагерлері «Бұқтырма ГЭС» үстінен сотқа шағым түсіргенін бұған дейін жазған едік.

Ардагерлердің айтуынша, 1997 жылы жекешелендіру кезінде акционер атанып, бүгінге дейін дивиденд алып келген. Алайда аталғаен кәсіпорынның 90% акциясын иеленіп отырған «Самұрық-Энерго» АҚ былтыр қараша айында қосымша 10 млн акция шығару туралы шешім шығарып, зейнеткер акционерлердің табысын 3 есеге кемітіп тастаған. Соның салдарынан қарапайым жеке акционерлердің, яғни кәсіпорында еңбек еткен 8 мың жұмысшының дивидендтік табысы үш есеге дейін азайып қалған.

«Самұрық-Энерго» АҚ берген жауабына қарағанда, «Бұқтырма ГЭС» АҚ акционерлері жалпы жиналысының жарияланған акциялар санын ұлғайту туралы шешімі артықшылықты акцияларға иелік ететін акционерлердің құқығына еш әсер етпеген.

«Бұқтырма ГЭС» АҚ акционерлерінің жалпы жиналысы артықшылықты акциялар бойынша дивидендтердің кепілдік берілген мөлшерін азайтқан жоқ. Сондай-ақ, артықшылықты акциялар бойынша төленетін дивидендтер мөлшерін есептеу тәртібін де, дивидендтер төлеудің белгіленген тәртібін де өзгерткен жоқ, делінген хабарламада.

«Бұқтырма ГЭС» АҚ-ның акциялары не себепті қосымша 10 млн данаға ұлғайтылды дегенге келсек, Гидроэнергетика саласын дамытудың 2020-2030 жылдарға арналған жоспарын іске асыру үшін қажет болыпты. Осы жоспарға сәйкес бірқатар жобаны іске асыру көзделген.

Аталған жоспарды іске асыруға «Самұрық-Қазына» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ және «Бұқтырма ГЭС» АҚ қоса алғанда, барлық субъектілер жұмылдырылған. Соған «Самұрық-Энерго» АҚ мен «Бұқтырма ГЭС» АҚ қатысу үшін «Бұқтырма ГЭС» АҚ жарғылық капиталын ұлғайту қадамына барып отыр.

Айта кетейік, былтыр қосымша 10 млн акция шығарғанға дейін «Бұқтырма ГЭС» АҚ-ның жарғылық капиталы номиналды құны 100 теңге тұратын 5 818 640 акцияны құраған, оның ішінде:

  • Мемлекеттік пакет – 5 236 780 дана немесе жалпы акциялар санының 90%-ы;
  • Артықшылық акциялары – 581 860 дана немесе жалпы акциялар санының 10%-ы.

Қазіргі жағдай бойынша, артықшылық акцияларының үлесі 3,7%-ға, сол бойынша дивиденд көлемі де 3 есеге дейін азайып қалған.

Ардагер энергетиктер жағдайды бұлай қалдырмай, сотқа жүгінген. Олардың шағымын Алматыдағы мамандандырылған ауданаралық соты қарап жатыр. Сот отырысы 15 қарашаға белгіленген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама